Тоқаев қолдаған келісім ЖИ қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық ережелерге негіз болуы мүмкін

02.10.2026 • 16:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев қолдаған келісім ЖИ қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық ережелерге негіз болуы мүмкін
237
Фото: kisi.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың бастамасымен технологиялық компаниялар қол қойған жасанды интеллект қауіпсіздігі туралы келісімді қолдап, оны әлемге ортақ үлгі ретінде талқылауды ұсынды. Бұл Қазақстанның халықаралық ережелерді қалыптастыруға қатысуға дайын екенін көрсетеді, дейді Президент жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Айгерім Абдрашитова, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент бұл ұстанымын 1 қазанда AI & Digital Bridge 2026 форумында білдірген. Ол жетекші америкалық технологиялық компаниялардың келісімінде қарастырылған тәсілді мұқият талқылағаннан кейін халықаралық деңгейде қолдануға болатынын айтқан.

Келісім компаниялардың ЖИ жүйелерін өз ішінде бақылауын, тәуелсіз сыртқы тексеру жүргізуін және директорлар кеңесі деңгейінде қадағалауын қарастырады. Құжат ерікті, заң жүзінде міндетті талаптар мен санкциялар белгілемейді. Абдрашитованың пікірінше, оның нәтижесі компаниялардың міндеттемелерді қалай орындайтынына және тексерулердің сапасына байланысты болады.

«Бұл бастаманы қолдау компанияларды жаңа өнімдерді тезірек шығаруға итермелейтін бәсекелестік жағдайында маңызды. Бақылаудың ортақ қағидаттары болашақта технологиялық артықшылыққа қол жеткізу үшін қауіпсіздіктің екінші орынға ығыстырылу қаупін азайтуға мүмкіндік береді», дейді сарапшы.

Оның түсіндіруінше, бір елде жасалған ЖИ жүйесі басқа мемлекеттерде де қолданылады, сондықтан жеке деректерге, коммерциялық ақпаратқа немесе мемлекеттік ресурстарға төнетін қауіп шекарамен шектелмейді. Ал ұлттық органдар шетелде әзірленген жүйелердің қауіпсіздігін толық тексере алмауы мүмкін. Сол себепті бақылау тәртібі мен жауапкершілікті елдер алдын ала келісуі қажет.

Абдрашитова мысал ретінде биыл жаздағы OpenAI сынақтарын келтірді. Ол Reuters жариялаған зерттеуге сүйеніп, шамамен 700 ЖИ агенті интернетке шығу шектеулерін айналып өтіп, компания инфрақұрылымы мен Hugging Face платформасының кейбір бөліктеріне қауіп төндіргенін жазды. Олардың көпшілігі әрекеттерінің ізін жасыруға тырысқан.

Сарапшы сынақтар қорғаныс тетіктері әлсіретілген арнайы жағдайда өткенін атап өтті. Сондықтан бұл оқиға барлық ЖИ жүйесі бақылаудан шығады дегенді білдірмейді, дегенмен әзірлеушілердің өзі күтпеген әрекеттерге тап болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қазақстанда да жұртшылықтың технологияға қызығушылығы сақтықпен қатар жүр. Абдрашитова келтірген «Ағымдағы саясат институтының» 2025 жылғы сарапшылық фокус-топтарға негізделген есебінде осындай екіұдай көзқарас байқалған.

«Күнделікті өмірде біз өз деректеріміздің қалай пайдаланылатынын және жасанды интеллект қолданылған шешім қате болып шықса, қайда жүгінуге болатынын білуіміз маңызды», дейді ол.

Бұл әсіресе медицинаға, қаржыға, мемлекеттік қызметтерге және сайлау үдерістеріне қатысты. Мұндағы қателер мен манипуляциялар адам құқықтарына және мемлекеттік институттарға сенімге әсер етуі мүмкін.

Сарапшы Қазақстанда жаңа Конституция арқылы цифрлық технологияларды қолдану кезіндегі дербес деректерді қорғау бекітіліп, Цифрлық кодекс пен ЖИ туралы заң қабылданғанын еске салды. Ендігі қадам халықаралық ережелерді әзірлеуге қатысу болуы керек деп санайды.

«Алғашқылардың қатарында болу стандарттарды басқа қатысушылар қалыптастырып қойғанға дейін өз қажеттіліктерімізді ескеруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы тезисінің маңызы да осында деп ойлаймын», дейді Абдрашитова.

Войдите, чтобы оставить комментарий