Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында халыққа үндеу жасады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы алдағы жексенбіде өтетін жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауын ел тарихындағы маңызды әрі бетбұрысты оқиға деп атады.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асып, елдің даму бағыты өзгерді. Ол бұл жетістіктерге бірлік, келісім және ынтымақтың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
«Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауының алғашқы науқаны мазмұнды, ашық әрі бәсекеге толы өткенін атап өтті. Оның сөзінше, партиялар сайлаушылармен кездесулер өткізіп, теледебаттар мен әлеуметтік желілердегі пікірталастарда өз бағдарламаларын таныстырған.
Тоқаев сайлауалды науқан барысында жаңа тұлғалардың танылып, түрлі салалар бойынша тың ұсыныстар айтылғанын да атап өтті. Қоғамдық пікірталасқа жастар, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлердің белсенді қатысқанын айтты.
Президент Құрылтай құрамына кәсіби мамандар мен елжанды азаматтар сайланады деген сенім білдірді. Оның пікірінше, жаңа орган әртүрлі көзқарастар тоғысатын және елдің болашағы талқыланатын маңызды алаңға айналуы тиіс.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси ахуалға тоқталып, Қазақстанның өз даму бағытын жалғастыруы қажет екенін айтты.
«Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды», – деді Президент.
Тоқаев қазақстандықтарды, әсіресе жастарды сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырды.
«Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту», – деді ол.
Президент сөз соңында барша азаматтарға амандық пен табыс тілеп, Қазақстан Республикасының жасай беруіне тілек білдірді.
Соңғы жаңалықтар