Тоқаев ядролық қаруға қатысты маңызды мәлімдеме жасады

29.08.2026 09:15 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев ядролық қаруға қатысты маңызды мәлімдеме жасады
275
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент өз үндеуінде бұдан 35 жыл бұрын Семей ядролық полигонының жабылғанын атап өтті. Оның айтуынша, ондаған жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар Қазақстан халқының денсаулығы мен қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіріп, орны толмас қасірет әкелді.

Тоқаев Қазақстанның әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқанын еске салды. Мемлекет басшысы бұл тарихи шешім еліміздің бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдағанын көрсететінін айтты.

Президент Қазақстанның халықаралық антиядролық қозғалыстағы ұстанымы өзгермейтінін жеткізді. Ел ядролық державалар арасындағы текетірестің орнына келіссөздер жүргізуді және ядролық қаруды қолдану қаупін азайтуға бағытталған бірлескен қадамдарды қолдайды.

Сонымен қатар Тоқаев атом энергиясын бейбіт әрі жасампаз мақсатта пайдаланудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанның ядролық энергетиканы дамытуға қатысты стратегиялық таңдауы елдің ұзақ мерзімді экономикалық, ғылыми және технологиялық дамуына негіз болмақ.

Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстанның басты мақсаты – Әділетті, Озық және Таза Қазақстан құру екенін атап өтіп, бұл мақсатқа халық болып бірге жететініне сенім білдірді.

Войдите, чтобы оставить комментарий