Тоқаев журналистерді құттықтады 

02.02.2026 10:09 Әсел Мұрат
Тоқаев журналистерді құттықтады 
221
Фото: Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан журналистерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстанды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
 
Президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымына жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарап, заңды құрметтеу арқылы егемендігімізді және тәуелсіздігімізді қорғау ұлты мен дініне қарамастан әрбір отандасымыздың міндеті екенін айтты. 
 
Мемлекет басшысы отандық журналистер осынау аса маңызды іске белсенді атсалысатынына сенім білдіріп, оларға толайым табыс пен бақ-береке тіледі.

Ұлттық басылым күні

Мереке 2023 жылдың 30 маусымына бекітілді. Алғаш рет 2024 жылы тойланды.

113 жыл бұрын 2 ақпан күні «Қазақ» газетінің бірінші нөмірі шықты. Оның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрды.

Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет ұлттық ренессанстың қайнар көзіне айналып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды. Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері құрған газет ұлттық жаңғырудың қайнар бұлағына айналды. Сол себепті бұл дата Ұлттық баспасөз күнін атап өту үшін таңдалды.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий