Тоқаевтан кейін кім келеді: Келесі президентке қандай міндеттер жүктелмек

Тоқаевтан кейін кім келеді: Келесі президентке қандай міндеттер жүктелмек
05.07.2025 13:37
0
1101
Коллаж POLITICO.KZ (Фото: Ақорда, ашық дереккөз)
Тоқаев 2029 жылы биліктен кетуі мүмкін

Келесі президент кім болады

2029 жылы Қазақстанда кезекті президент сайлауы өтуі тиіс. Бірақ келесі президент кім болары белгісіз. Дегенмен 2023 жылдан бері ақпараттық кеңістікте билік транзитіне байланысты талқы жүріп жатыр. Үміткерлердің ішінде Олжас Бектенов, Ерлан Қарин, Мәулен Әшімбаев есімдері жиі аталады. Мұндай талқының болуы табиғи құбылыс. 
Сонымен Тоқаев биліктен кете ме? Үшінші президент кім болуы мүмкін? Билік транзитіне мемлекет дайын ба? 

Тоқаев шынымен биліктен кете ме?

Билік транзиті өте күрделі саяси процесс. Әсіресе демократиялану мен саяси институциялану процесстері аяқталмаған елде күрделі дағдарысқа алып келуі мүмкін. Тіпті мемлекеттіліктен айырылып қалу қаупі де бар. 
Алысқа бармай-ақ, 2022 жылғы «Қасіретті қаңтар» оқиғасын еске түсірсе жеткілікті. 2019 жылы басталған билік алмасу процесі елді саяси дағдарысқа ұшыратты. Біздің ойымызша, Қазақстандағы 2029 жылғы транзит мәселесінде 2019-2022 жылдардағы саяси процесстер ескерілуі тиіс. Сондықтан бұл контексте Тоқаевтың биліктен кету не кетпеуі басты сұрақ болуы керек.
2019 жылы экс-президент Н. Назарбаев президенттіктен бас тартқанымен, биліктен кетпеді. Қауіпсіздік кеңесінің, Нұр Отан партиясының төрағасы ретінде 2022 жылға дейін саяси билікті өз қолында шоғырландырды. Осылайша Президент пен Қауіпсіздік кеңесі институттары арасында қарама-қайшылық болды. Нәтижесі қандай болғаны бәрімізге белгілі. 
2024 жылдан бері Тоқаев Сенат төрағасы ретінде қалады немесе Сенат таратылып бір палаталы Парламент құрылады деген негізсіз ақпарат тарауда. Егер Тоқаев елде саяси тұрақтылықты сақтағысы келсе, президент лауазымын ғана емес, саяси биліктен де бас тартуы тиіс. Біздің ойымызша президент осы бағытты таңдаған секілді. Президенттің 2022 жылдан бері жүзеге асырып жатқан реформаларын талдасақ, билік транзитін бейбіт, институционалды жолмен беруге қадамдар жасалынып жатқанын байқауға болады. 

Билік транзитіне дайындық 2022 жылы басталған

«Қасіретті қаңтардан» кейін қазіргі президент күрделі саяси реформаны жүзеге асырды. Конституциялық реформа арқылы «суперпрезиденттік» жүйеден бас тартты. Қауіпсіздік кеңесінің өкілеттілігі төмендетіліп, келесі президенттер 7 жылдық бір мерзіммен шектелетін заң қабылданды. 
Президенттің өкілеттіктері парламент, үкімет пен сот жүйесіне беріле бастады. «Күшті Президент-ықпалды Парламент-есеп беруші Үкімет» тұжырымдамасы енгізілуде. Бұл билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік қағидасы біртіндеп беки түсуде. Бұдан бөлек кландық басқаруға тойтарыс беру мақсатында президенттің отбасы мүшелерінің жоғары лауазым атқаруына тыйым салынды. 
Сайлау реформалары (аралас сайлау жүйесі, әкімдерді сайлау) арқылы жаңа Мәжіліс қалыптасып, депутаттар корпусы жаңарды. Саяси бәсекелестік элементтері енгізілді. Әрине бәсекелестік толық орнады деп айтуға ерте. Дегенмен оның негізі қаланды. 
Жоғарыда аталған саяси реформа қадамдары биліктің 2029 жылғы транзитке 2022 жылдан дайындықты бастағанын көрсетеді. Демек Тоқаев билік транзитін өз тәжірибесін ескере отырып жүзеге асырмақ. Ол келесі сайлауға түспейтінін бірнеше рет мәлімдеген. Егер түсетін болса, уәдесін орындамаған көшбасшы ретінде саяси имиджі түседі. Сондықтан келесі сайлауға түспейтінін болжай аламыз. 
Сенат төрағалығына өтеді деген алып-қашпа әңгіме де негізсіз. Себебі Тоқаев биыл «Ana tili» газетіне берген сұхбатында президенттік басқару жайлы былай деп еді: «Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін». Осы сөзі арқылы парламенттік басқарудың Қазақстанға тура келмейтінін меңзеп отыр. Егер қауесет рас болып Сенат төрағасы атанса, өзінің осы пікіріне қарсы шыққан болар еді. 

Тоқаев 2029 жылға дейін тағы не жасап үлгереді? 

2022 жылғы саяси дағдарыс күштік құрылымдарды реформалаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бұл туралы президент «Ana tili» газетіне берген сұхбатта да атап өткен. Биыл осы бағытта реформа басталды. 23 маусымда алғаш рет президенттің төрағалығымен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға Бас прокуратура, ІІМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттіктері басшылары да қатысты. Демек алдағы уақытта осы құрылымдарға реформа жасалады. 
Біздің ойымызша 2029 жылға дейін күштік құрылымды реформалаудың негізгі кезеңі аяқталады. Алғашқы қадам Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін таратудан басталды. Ең көлемді реформа Ішкі істер министрлігінде болуы мүмкін. Осылайша Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын енгізуді көздеп отыр. 

Келесі президент сайлау арқылы келеді

2023 жылдан бері президент болуға үміткер ретінде Олжас Бектенов, Ерлан Қарин, Мәулен Әшімбаев есімдері жиі аталады. Мұндай дискуссияны билік саяси технология ретінде қолдан енгізуі де мүмкін. Осы қадам арқылы саяси технологтар негізгі үміткерді қорғап қалуды мақсат еткен секілді. Нәтижесінде сайлауда есімі мүлде аталмаған саясаткер жеңіске жетеді. Біздің ойымызша бұл СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу. Ол билікке сайлау арқылы институционалды негізде келеді. 
Үшінші президент кім болмасын Тоқаевтың реформаларын жалғастырады. Бұл Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіп» қағидатын әрі қарай енгізу. Ал саяси реформалар жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару бағытын қамтуы мүмкін. Себебі мәслихаттар мен өзге де өзін-өзі басқару институттары толық қалыптаспады. Тек әкімдерді сайлауды енгізу арқылы жергілікті мемлекеттік басқару реформасы қолға алынды. Ал Мәслихаттар Мәжіліс секілді жұмыс істей алмай отыр. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий