Тоқаевтың бейбітшілік туралы үндеуіне Украина қолдау көрсетті
Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді қайта бастау жөніндегі ұсынысына қолдау білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Сибига әлеуметтік желідегі парақшасында Тоқаевтың бастамасын «уақтылы айтылған әрі салмақты үндеу» деп бағалап, Киевтің мұндай ұстанымды құптайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Украина бірнеше мәрте қазіргі майдан шебі бойынша атысты тоқтатуға және дипломатиялық келіссөздерге көшуге дайын екенін жеткізген. Алайда, министрдің сөзінше, Ресей тарапы бұл ұсыныстарға келіспей отыр. Сонымен қатар, ол Кремль өкілі Дмитрий Песковтың Қазақстан Президентінің бастамасын да қолдамағанын атап өтті.
Украина сыртқы істер министрі халықаралық қауымдастықты Ресейге қысымды күшейтуге шақырып, бұл бейбіт келіссөздерге жол ашуы мүмкін екенін айтты.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді қайта жандандыру мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтқан болатын.
Соңғы жаңалықтар