«Тозақ, жұмақ және 72 пәк қыз»: дін жайлы пікірінен кейін Баян Алагөзованың үстінен арыз түсті
Продюсер Баян Алагөзованың әлеуметтік желіде дін тақырыбында жазған даулы мәлімдемесінен кейін оның үстінен құзырлы органдарға шағым түсті, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналист Михаил Козачковтің мәліметінше, Threads желісі қолданушыларының бірі продюсердің сөздерінде діни араздықты қоздыру белгілерінің бар-жоғын тексеруді сұрап, ресми арыз жолдаған. Арыз иесі продюсердің дінге және сенушілерге қатысты қорлайтын тіркестер қолданғанын, оның тозақ пен жұмақтың жоқтығы туралы жазбасын және «72 пәк қыз» жайлы кекесінді пікірін алға тартқан.
Даудың туындауына Баян Алагөзованың дін мен оның насихатынан шаршағанын, о дүние туралы түсініктерге сенбейтінін ашық жазуы себеп болған еді.
Желіде жарияланған eOtinish қызметінің скриншотында өтініштің «Тіркеуде» деген мәртебеде тұрғаны көрінеді. Әзірге сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғаны немесе тексеру нәтижелері туралы ресми ақпарат жоқ. Шағым түсу фактісі продюсердің заң бұзғанын білдірмейді, оның сөздеріне құқықтық бағаны құзырлы органдар беруге тиіс.
Соңғы жаңалықтар