Трамп АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы қанша уақытқа созылатынын айтты

02.03.2026 09:17 Әсел Мұрат
Трамп АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы қанша уақытқа созылатынын айтты
618
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times газетіне берген сұхбатында, қажет болған жағдайда америкалық әскери күштер Иранға қарсы шабуылдарды төрт-бес апта бойы жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Иә, біз төрт-бес аптаға жоспар құрып отырмыз. Бұл айтарлықтай қиындық туғызбайды», – деді АҚШ пен Израиль қазіргі шабуыл қарқынын қанша уақыт сақтай алатыны туралы сұраққа жауап берген Трамп.

Сонымен қатар, Daily Mail басылымына берген сұхбатында Ақ үй басшысы Иранға қарсы операция «төрт апта немесе одан да қысқа мерзімде» аяқталуы мүмкін екенін айтты.

Басылымның жазуынша, Ақ үй басшысы келіссөздер жүргізуге әлі де ашық екенін білдірген, бірақ «мұны өткен аптада талқылау керек еді» деп атап өткен. Дегенмен, егер Тегеран АҚШ талаптарын қанағаттандырса, соққыларды уақытша тоқтатуға дайын екенін жоққа шығармады.

Трамп сондай-ақ арнайы бейнеүндеу жариялап, америкалық шабуылдан кейін ирандық күштік құрылымдар мен әскери қызметкерлер қару-жарағын тапсырмаса, оларды өлім күтіп тұрғанын ескертті.

«Мен тағы да Ислам революциясы сақшылар корпусын, Иран армиясын және полициясын қаруларын тастап, толық иммунитет алуға шақырамын. Әйтпесе, сөзсіз өлімге душар болады. Бұл – нақты қауіп, әрі оның салдары ауыр болады», – деді Трамп.

АҚШ президенті Иран халқына да үн қатып, қазіргі сәтті пайдалану керектігін айтып, ел азаматтарына берген уәдесін орындағанын мәлімдеді.

«Қалғаны өздеріңізге байланысты. Біз сіздерге көмектесу үшін әрдайым жандарыңыздан табыламыз», – деді ол.

Сенбі күні, 28 ақпанда, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авивтің мәлімдеуінше, соққылардың басты мақсаты – Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу. Өз кезегінде Дональд Трамп Иранның әскери-теңіз флотын және қорғаныс өнеркәсібін жою ниетін білдіріп, ел азаматтарын қолданыстағы режимді құлатуға шақырды.

Жексенбіге қараған түні Иран елдің жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменейдің қаза тапқанын хабарлады. АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан Аятолланың қызы, күйеу баласы, немересі және келіні де мерт болғаны айтылды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, зымырандар тек әскери нысандарға ғана емес, Ислам Республикасының өзіндегі және өңірдегі өзге елдердегі азаматтық инфрақұрылым нысандарына да тиіп жатыр. Тегеран жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери базаларға соққы жасауда.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий