Трамп: Біз қорғауға миллиардтар жұмсаймыз, ал олар көмектеспейді
Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп НАТО бойынша одақтастарын Иранмен арадағы қақтығысқа араласудан бас тартқаны үшін сынға алып, елдің ағымдағы әскери операцияларда ешқандай көмекке мұқтаж емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақ үй басшысы сейсенбі күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында одақтастарының шешіміне қатысты көлемді жазба жариялады.
«АҚШ-қа НАТО бойынша көптеген одақтастарымыз Таяу Шығыстағы Иранның террорлық режиміне қарсы әскери операциямызға қатысқысы келмейтінін хабарлады. Бұл барлық елдің біздің істеп жатқан ісімізбен толық келісетініне және Иранға ешқандай жағдайда ядролық қаруға ие болуға рұқсат берілмеуі тиіс екеніне қарамастан болып отыр. Мен олардың бұл әрекетіне таңғалмаймын, өйткені әрқашан НАТО-ны бір бағытты жол деп санағанмын. Біз бұл елдерді қорғау үшін жылына жүздеген миллиард доллар жұмсаймыз, ал олар біз үшін қиын кезде ештеңе істемейді. Бақытымызға орай біз Иранның әскерін жойдық, олардың әскери-теңіз күштері, әскери-әуе күштері, зениттік құралдары мен радарлары жойылды. Ең бастысы, барлық деңгейдегі басшылары енді бізге, Таяу Шығыстағы одақтастарымызға немесе әлемге ешқашан қауіп төндіре алмайтындай етіп көзі жойылды. Осындай әскери табысқа жеткендіктен, біз НАТО елдерінің, сондай-ақ Жапония, Аустралия немесе Оңтүстік Кореяның көмегіне енді мұқтаж емеспіз және оны қаламаймыз. Америка Құрама Штаттарының президенті ретінде айтарым, біз әлемдегі ең қуатты елміз және ешкімнің көмегіне мұқтаж емеспіз», – деп жазды Дональд Трамп.
Еске сала кетейік, өткен аптада Америка басшысы бірқатар елді Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскери-теңіз миссиясына қосылып, ол жерге өздерінің әскери кемелерін жіберуге шақырған болатын. Кейінірек ол егер одақтастар Ормуз бұғазы айналасындағы жағдайды реттеуге қатысудан бас тартса, НАТО-ны бұлыңғыр болашақ күтіп тұрғанын ескерткен.
Соңғы жаңалықтар