«Треш стримингке» жауапкершілікті күшейту керек – депутат 4 ұсыныс айтты

10.09.2026 15:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Треш стримингке» жауапкершілікті күшейту керек – депутат 4 ұсыныс айтты
130
Коллаж: tengrinews.kz

Қазақстанда тікелей эфирде қорлау, балағат сөз айту, қауіпті пранк пен арандатушы әрекеттерді әдейі көрсетуге жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Бұл мәселені Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы көтеріп, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутаттың айтуынша, TikTok, Instagram және басқа әлеуметтік желілерді күн сайын миллиондаған адам пайдаланады. Тікелей эфирлердің аудиториясы да ұлғайып келеді.

Оның сөзінше, цифрлық дамумен бірге әлеуметтік желідегі заңға қайшы әрекеттер де көбейген. Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию және қауіпті пранктер ұйымдастыру фактілері жиілеген.

Кейбір стример мұндай әрекетке әдейі барады. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кей жағдайда жарнамадан түсетін табысқа айналады.

«Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат бұл мәселені «Әділет» партиясының өкілдері сайлауалды кезеңде халықпен кездескен кезде де азаматтар жиі көтергенін айтты.

Ішкі істер министрлігі таяуда осындай фактілер бойынша бірнеше шара қабылдаған. Құқыққа қайшы контент таратқан бірқатар әлеуметтік желі қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жарқынбек Амантайұлы мұны мәселенің бар екенін көрсететін нақты дерек деп атады.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның ортақ құндылығына айналдыру қажеттігін бірнеше рет айтқанын еске салды. Депутаттың сөзінше, бұл қағидат жаңа Конституцияның негізгі талаптарының біріне айналған.

Сондықтан заң мен тәртіп талабы цифрлық кеңістікте де бірдей қатаң әрі нақты орындалуы керек. «Әділет» партиясы бұл мәселеге ерекше мән беріп отыр.

Депутат әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлердің барған сайын коммерциялық сипат алып келе жатқанына назар аударды.

Кейбір стример көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, адамдарды мазақ етеді және қорлайды. Тікелей эфирде анайы әрекеттерге бару жағдайлары да жиілеген. Мұндай контентті бір мезетте әртүрлі жастағы мыңдаған адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар да көруі мүмкін.

Сауалда Қытайда жүріп пранк жасаған Қазақстан азаматының жауапкершілікке тартылғаны мысал ретінде келтірілді. Депутаттың айтуынша, ол көпшіліктің назарын аударуға тырысып, елдің абыройына нұқсан келтірген.

Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, мұндай әрекеттер Қазақстан қоғамында үйреншікті құбылысқа айнала бастағанымен, өзге мемлекеттерде мәдениетсіздік пен заң бұзушылық ретінде қабылданып, қоғам тарапынан қатаң айыпталады.

Депутат шетелдегі реттеу тәжірибесіне де тоқталды. АҚШ Федералдық сауда комиссиясы, FTC цифрлық жарнаманың ашық болуына және жарнамалық контенттің тиісті түрде белгіленуіне талап қояды.

Ал Еуропалық Одақтың Цифрлық қызметтер туралы актісі, DSA платформалардың заңсыз контент үшін жауапкершілігін және пайдаланушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейткен.

Депутаттың пікірінше, әлеуметтік желілер құқықтық жауапкершілік пен коммерциялық мүдде қатар тоғысатын жаңа цифрлық ортаға айналып отыр.

«Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек», – деді ол.

Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы Үкіметке 4 ұсыныс жолдады.

Бірінші ұсыныс – «треш стриминг» ұғымын заңнамада нақты айқындау. Сонымен қатар зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды.

Екінші ұсыныс – TikTok, Instagram, YouTube және басқа платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау және бұғаттау тетігін қалыптастыру. Сондай-ақ мұндай контент авторларын сәйкестендірудің тиімді жүйесін енгізу қажет.

Үшінші ұсыныс – азаматтарды олардың келісімінсіз тікелей эфирге шығару, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту.

Төртінші ұсыныс – тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе құру. Оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беріліп отыруы тиіс.

Айта кетейік, күні кеше Ақтөбеде тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқан әйел жауапкершілікке тартылған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий