Түлкібастағы атыс: 17 жастағы Төрехан Төреәлінің өліміне қатысты үкім шықты

18.09.2026 09:49 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Түлкібастағы атыс: 17 жастағы Төрехан Төреәлінің өліміне қатысты үкім шықты
524

Түркістан облысының Түлкібас ауданында бір топ адамға оқ жаудырған үш адам 18 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Шабуылдан 17 жастағы Төрехан Төреәлі қаза тауып, тағы үш адам ауыр жараланған, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Кеше сот Самат Шоқанов, Шерхан Жақсыбай және Расул Тілеубердиевке үкім шығарды. Үшеуі де бұған дейін істі болған. Қылмыс туралы біле тұра хабарламаған тағы екі адамға 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмысты ашуға көмектескен бір айыпталушы сот залынан босатылды.

Қарақшылық шабуыл былтыр қарашада болған. Түнде далада тұрған бір топ жігіттің жанынан екі көлік қатты жылдамдықпен өтіп кеткен. Жігіттер бұған аса мән бермеген. Артынша бетперде киген адамдар келіп, оларға оқ жаудырған.

Шабуылға ұшырағандар қашып үлгермеген. 3 адам жараланып, Төрехан Төреәлі қайтыс болған.

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, шабуылдаушылар басқа жәбірленушіні нысанаға алған. Ал Төрехан сол кезде дәріханадан шығып тұрған. Оқиға 1–2 минуттың ішінде болған.

«Ол жерде үш адам үш қару ұстап, 7–8–9 рет атқан. Қорқыту мақсаты болса, сонша рет атпайды ғой адам», – деді Дәурен Мадалиев.

Сот төрағасы оқтың адамдарға тікелей көздеп атылғаны дәлелденгенін айтты.

Төрехан оқиғадан 2 ай бұрын ғана 17 жасқа толған. Мектепті жаңадан бітіріп, дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп жүрген. Сол күні көзіне тамызатын дәрі алу үшін ағасымен бірге сыртқа шыққан жасөспірім туған ағасының қолында жан тапсырған.

Марқұмның анасы Эльмира Айдаралиева Самат Шоқановқа тағайындалған 20 жылдық жазамен келісетінін жеткізді. Алайда Қосаев есімді айыпталушының босатылғанына наразылық білдірді. Ол Қосаев та 2 немесе 3 жылға сотталуы керек еді деп есептейді.

«Оған көңілім толған жоқ. Оны да соттау керек еді негізі», – деді Эльмира Айдаралиева.

Бұл істе жетінші күдікті де бар. Оның да қару кезенгендердің бірі болуы мүмкін екені айтылған. Алайда оқиғадан бері бір жыл өтсе де, күдікті әлі ұсталмаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий