Түнгі көбелекке ақша аударған жүргізуші сотталды

08.07.2026 17:35 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Түнгі көбелекке ақша аударған жүргізуші сотталды
262
ЖИ арқылы жасалған сурет

Солтүстік Қазақстан облысында жол ақысын интимдік қызмет көрсететін алаяққа аударып жіберген жүк көлігінің жүргізушісі полицияны алдағаны үшін сотталды. Бұл туралы HALYQSTAN арнасы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жамбыл облысының 30 жастағы тұрғыны Ф. Садықов туысының қарамағында жүргізуші болып жұмыс істеген. Ол Масаншы ауылынан Түменге пияз тасымалдап бара жатып, Көкшетау қаласында аялдайды. Сол кезде танысу сайты арқылы Анель есімді қызбен сөйлесіп, оның интимдік қызмет көрсететінін білген. Қыз бұл үшін 38 мың теңге сұрап, ер адам ақшаны бірден аударып жібереді. Алайда қаражатты алған бойда желідегі танысы оны бұғаттап тастаған.

Ақшасыз қалған жүргізуші бұл жағдайды жұмыс берушісіне түсіндіре алмайтынын түсінеді. Себебі аталған 38 мың теңгені ағасы оған жол бойы тамақтануға берген екен. Ол туысының ашуынан құтылу үшін жалған оқиға ойлап табады. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Чапаево ауылының маңындағы көлік тұрағына тоқтап, полиция шақырады. Тәртіп сақшыларына өзіне белгісіз үш адам шабуыл жасап, ұрып-соғып, ақшасын тартып алғанын айтқан.

Келесі күні ол бұл сөзін жазбаша түрде растаған. Тәртіп сақшылары бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғап, шабуыл жасағандарды іздеуге кіріседі. Бірақ бір тәулік ішінде тергеушілер ешқандай қарақшылық болмағанын анықтап, қылмыс құрамының жоқтығына байланысты істі қысқартқан.

Осылайша өтірік жәбірленуші қылмыс туралы көрінеу жалған ақпарат бергені үшін айыпталушыға айналды. Сот Садықовты кінәлі деп танып, бас бостандығын 1 жылға шектеді. Бұған қоса сотталған азамат жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 65 мың теңгеге жуық қаражат аударуға міндеттелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий