Түркістан облысында әкесін соққыға жыққан ер адамға қатысты іс сотқа жолданды
Түркістан облысының Шардара ауданында болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары толығымен аяқталды. Туған әкесін аяусыз соққыға жығып, ажалына себепкер болды деп айыпталған күдіктінің тағдыры енді сот залында шешіледі, деп хабарлайды Politico.kz порталы «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, қанды оқиға Қоссейіт ауылында орын алған. Жүйелі түрде көрсетілген қорлық пен физикалық күш қолданудың салдарынан 70 жастағы Есіркеп Садақбаев Сәдібекұлы көз жұмған. Бұл ауыр қылмысқа басты күдікті ретінде марқұмның туған ұлы Алмас Садақбаев тартылып отыр. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі, яғни «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша айып тағылды. Бұл бап бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Сот үкімі шыққанға дейін айыпталушы тергеу изоляторында қамауда болады.
Бұл қылмыстық істе күдіктінің жұбайы да жауапкершіліктен тыс қалған жоқ. Оған қатысты бөлек тергеу амалдары жүргізілуде. Келіншектің әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 2-бөлігі 3-тармағы, яғни дәрменсіз халдегі адамды ұрып-соғу бабы бойынша саралануда. Бұл бап бойынша айыппұл мен қамаққа алу жазалары қарастырылған. Ал ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары уақытша туыстарының қарауына берілді.
Еске салайық, қоғамдық шу тудырған бұл жағдай әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан соң әшкере болған еді. Көршілері түсіріп алған кадрларда қарияның қорлық көріп, психологиялық қысымға ұшырағаны анық байқалады. Бейнежазбадан келінінің қайын атасына араша түсуге ешқандай әрекет жасамағанын да көруге болады.
Ең қызығы, бейнежазба көпшілікке тарап, құқық қорғау органдары іске кіріскен кезде зейнеткер жер қойнына тапсырылып қойған болатын. Қылмыстың нақты себебін анықтау мақсатында мәйітті қабірден қайта қазып алу туралы шешім қабылданды. Сот-медициналық сараптаманың нәтижелері айыптау актісінің негізгі дәлелі ретінде іске тіркелді.
Түркістан облысының бас имамы мен көршілерінің дерегінше, күдікті бұрын мешіт маңында жүрген және ел ішінде асаба ретінде танылған.
Соңғы жаңалықтар