Түркістан облысындағы жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан қыздардың есімі белгілі болды
Түркістан облысының Түлкібас ауданында болған жантүршігерлік жол апатынан көз жұмған бес қыздың есімі жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиғаның құрбандары – туған әпкелі-сіңлілі Гүлсезім, Ұлболсын және Ұлдана. Сондай-ақ осы отбасының тағы екі туысы да апаттан қаза тапқан. Ал тағы бір жасөспірім ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.
Белгілі болғандай, көлік тізгінінде мектепті биыл ғана тәмамдаған ең үлкен әпкесі болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қыздар өзенге шомылуға шыққан.
Жол-көлік оқиғасы 27 маусым күні Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылы маңындағы ауылішілік жолда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік жоғары жылдамдықпен бұрылыстан шыға алмай, жол жиегіндегі ағашқа соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, көлік екіге бөлініп кеткен.
Апат салдарынан бес қыз оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған дерек бойынша Түркістан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.
Соңғы жаңалықтар