Турловтың мүлкі Ресейге бұйырмады: прокуратура райынан қайтты

Турловтың мүлкі Ресейге бұйырмады: прокуратура райынан қайтты
Фото: instagram.com/timurturlov

Ресей Бас прокуратурасы қыркүйектің соңында қазақстандық миллиардер Тимур Турловтың мүлкін мемлекет меншігіне алуға кіріскен еді. Алайда арада екі апта өтпей жатып, прокуратура райынан қайтты. Бір қызығы, Ресей билігінің кәсіпкерге неліктен шүйліккені сол күйі белгісіз, деп хабарлайды Politico.kz.

14 қазанда Ресей бас прокурорының орынбасары сотқа талап арыздан бас тарту туралы өтініш түсірген. Бұған дейін Мәскеудің Тверь аудандық сотына Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Турловтың және онымен байланысты компаниялардың мүлкін мемлекет кірісіне алу туралы талап арыз берілген болатын.

Ресей Бас прокуратурасы сотқа нақты қандай себеппен жүгінгенін жұртшылыққа түсіндірмеген. Ал Freedom Holding Corp. басшылығы тағылған талаптың мәнін түсінбейтінін және бұл жағдай компания жұмысына айтарлықтай қауіп төндірмейтінін мәлімдеген.

Холдинг өкілдерінің айтуынша, Freedom Ресейде кәсіп жүргізбейді әрі ол елде ешқандай активі жоқ.

Дегенмен прокуратураның талап арыздан бас тартуы сот ісінің біржола аяқталғанын білдірмейді. Соттың бұл өтініш бойынша қандай шешім қабылдағаны әзірге белгісіз.

Турловпен бірге тағы кімдер жауапқа тартылды?

Ресейдің РБК басылымының жазуынша, прокуратураның талап арызында Тимур Турловтан бөлек Freedom Holding Corp., Freedom Finance Europe Ltd және АҚШ-та тіркелген W-Empirical Holding Corp. компаниялары көрсетілген.

Жауапкерлер қатарында Аркадий Щукин де болған. Оның есімі Freedom компаниясымен кемінде 2018 жылдан бері байланыстырылып келеді.

Қазақстандық БАҚ бұрын Щукинді Мәскеуде жұмыс істеген Freedom қызметкері, W-Empirical Holding Corp. басшысы әрі Турловтың іскерлік серіктесі деп таныстырған.

Щукиннің есімі қазақстандық трейдер Олжас Әшікбаевқа қатысты дауда да аталған. Бұл іске W-Empirical Holding Corp. компаниясы да араласып, Әшікбаевтың сауда операцияларынан келген шығынды өтетуді талап еткен.

Ал Олжас Әшікбаев 2023 жылы АҚШ-тың бағалы қағаздар нарығында алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған. Ол акцияларды өзіне өзі сату арқылы нарықтағы бағаға ықпал етіп, заңсыз 22,2 миллион доллар табыс тапқан.

Ресейде басталған кәсіп Қазақстанға қалай ауысты?

Тимур Турловтың қаржы саласындағы кәсібі әуелде Ресейде басталған. Ол 2010 жылы Мәскеудегі «Белый город» компаниясын сатып алып, 2011 жылы оның атауын «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясы деп өзгерткен.

Кейін бұл компания Турлов құрған халықаралық Freedom тобының құрамына кірді.

2012 жылы кәсіпкер Қазақстанның бағалы қағаздар нарығында жұмыс істейтін Seven Rivers Capital компаниясын сатып алды. Ал 2010 жылдардың ортасына қарай оның бизнесі Еуропа мен АҚШ нарығына да шыға бастады.

2015 жылы АҚШ-тағы BMB Munai жария компаниясы Турловтың активтерін сатып алуға келісті. Кейін компания Freedom Holding Corp. болып өзгертілді. Активтерді беру мәмілелері 2017 жылы аяқталып, Турлов холдингтің бақылаушы акционеріне айналды.

2022 жылға дейін Freedom тобының Ресейдегі бизнесіне «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясы мен «Фридом Финанс» банкі кірген.

Алайда Ресейдің Украинадағы соғысы басталып, санкциялық қауіп күшейген соң, холдинг Ресейдегі активтерін шетелдегі бизнестен бөліп шығаруға шешім қабылдады.

Сол жылдың көктемінде Турлов Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берді. Ал маусымда Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматы атанды.

Қазір ол Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушысы, бақылаушы акционері және бас директоры. Сондай-ақ ашық мәліметке сәйкес, 2026 жылғы қыркүйекте Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланған.

5,2 миллиард долларлық байлық

38 жастағы Тимур Турлов бүгінде Қазақстандағы ең ықпалды әрі ең бай кәсіпкерлердің бірі саналады.

Қазақстандық Forbes журналының 2026 жылғы рейтингінде ол елдегі ең ықпалды бизнесмендер арасында алтыншы орынға жайғасқан. Ең бай кәсіпкерлер тізімінде де алтыншы орында тұр. Басылым оның дәулетін 5,2 миллиард долларға бағалаған.

Ал Freedom Holding Corp. компаниясының қаржылық көрсеткіштері соңғы есепті жылы айтарлықтай өскен.

2026 жылғы 31 наурыздағы есеп бойынша, холдингтің жалпы активтері 13,16 миллиард долларға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға көп.

Компанияның жылдық таза пайдасы екі есеге жуық өсіп, 153,3 миллион доллар болған. Ал жалпы кірісі 9 пайызға артып, рекордтық 2,19 миллиард долларға жеткен.

Таза пайданың өсуіне негізінен бағалы қағаздар саудасы әсер еткен. Бұл бағыттан түскен табыс 375 пайызға ұлғайып, 158,8 миллион долларды құраған.

Қаржы құралдарының тағы бір түрі саналатын туынды құралдардан түскен таза пайда 438 пайызға өсіп, 66,8 миллион долларға жеткен. Мұндай өсімге негізінен валюталық своптардың құнын қайта бағалаудан түскен оң нәтиже ықпал еткен.

Холдингтің клиенттер саны да аз емес. Есепті кезеңнің соңында Freedom компаниясының брокерлік қызметін 858 мың адам пайдаланған. Банк клиенттерінің саны 5,03 миллионға жетсе, тағы шамамен 1,1 миллион адам холдингтің сақтандыру өнімдерін қолданған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу