Алматыда 270 ерекше бала оқитын мектеп жабыла ма? Директорымен сұхбат
Алматыда ерекше балаларға арналған мектеп жабылуы мүмкін. Себебі, білім басқармасы 1 қазаннан бастап қаржыландыруды тоқтататынын айтқан.
“Педагог акдемиясы” қоғамдық бірлестігіне қарасты білім ордасында әртүрлі диагноз қойылған 270 бала оқиды. Алайда, білім басқармасы алдағы уақытта аталған мектепке ақша бөлінбейтінін айтқан. Politico.kz тілшісі осы мәселеге қатысты мектеп директоры Нұрым Нұрғалиевпен сөйлесті.
Сурет: Нұрым Нұрғалиевтің жеке архивінен
Тілші Нұрым мырзадан ерекше балаларға арналған мектептің қашан ашылғанын және онда қандай оқу бағдарламасы қолданылатынын сұрады.
«2022 жылы бұрынғы өз үйіме барлық қажетті құжаттарды, СЭС-тің рұқсатын, лицензия алдық. 2023 жылдың бірінші ақпанында осы мектептің алғашқы қоңырауы соғылды. Бастапқы айларда балалар аздау болды, қазір мектебімізде 270-ке жуық бала тіркелген. Бірақ олардың 56-сы ғана түзету сыныптарында, қалғаны үйде оқуға кеңес берілген балалар. Мектептің оқу бағдарламасы мемлекеттік стандартқа сай. Дегенмен үйде оқитын балаларға өзіміздің арнайы бағдарламамыз бар. Ол жерде мемлекеттік стандартпен қатар, қосымша коррекциялық және түзету сағаттарын қосамыз», – дейді директор.
Суретті Нұрым Нұрғалиев ұсынды
Мұндағы сабақтардың басқа мектептерден айырмашылығы туралы айтып беруін өтіндік.
«Ерекше балаларға арналған сабақ оқушының диагнозына байланысты белгіленеді. Мәселен, ақыл есі кем немесе интеллекті бұзылған, тіпті мүлде ауыр диангнозы бар балаларға аптасына 8 академиялық сағаттан басталады. Ал, үйде оқитын ЗПР (задержка психического развития) бала болса, класына байланысты аптасына 12-14 сағат сабақ өтеді.
Басқа мектептерде үйде оқитын балаларға 8 академиялық сағатты өтуге мұғалім аптасына екі-үш рет баратын болса, біз оны басқа форматқа ауыстырдық. Яғни, балалар орталыққа келіп, арнайы жеке сабақ кестесі бойынша, жаңағы 8 сабақты 4 мұғалімнен оқиды. Мысалы, математиканы бір мұғалім, орыс тілін басқа ұстаз өтеді деген сияқты. Сөйтіп, балаға 4 мұғалім, күніне 2 сабақтан қоямыз, бірақ қосымша тағы 2 сағат коррекциялық сабақтарымыз бар. Сондықтан бізде ешқандай сағат саны азайған жоқ, керісінше қосымша сабақтар қосып беріп жатырмыз.
Екіншіден бала құрбыларымен араласып, ортаға бейімделеді. Дәл өзі сияқты балалармен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Егер мүмкіндік болса, ол балаларды біртіндеп топтастырып көреміз. Яғни жайлап түзету сыныбына дайындалады. Бұл жерде ата-ана үйде оқыта ма, біздің мектепке алып келіп оқыта ма, өзі біледі. Егер бізге алып келсе, мектебімізде АФК залы, бассейн, тұз шахтасы бар. Кейде ата-аналар балаларды белгілі бір сабақ кестесі бойынша алып келеді», – деді Нұрғалиев.
Суретті Нұрым Нұрғалиев ұсынды
Директордың айтуынша, бірнеше мұғалімнің бір баламен жұмыс істеуі оған қолайлы оқыту тәсілін табуға көмектеседі.
«Тағы да бір ерекшелік – бізде сабақты бірнеше мұғалім берген соң, методиканың үйлесуі маңызды. Егер мұғалім баламен тіл табыса алмаса, ол бір жыл бойы сабақ берсе де, ешқандай нәтиже көрсетпейді. Ал бізде 4 мұғалімнің біреуі баланың тілін тапса, ол басқа әріптестеріне осы методиканы, әдіс-тәсілді үйретіп, сол балаға ыңғайланады. Бұл жерде мемлекеттік білім беру стандарты өзгермейді, тек әдіс-тәсілді өзгертеміз. Одан бөлек, бала мектеп формасын киіп, оқуға келгенде ата-аналар да баласын мектепке апарып жүргенін сезінеді.
Өзіңіз ойлашы, Алматыда “времянкада” тұратын ата-ананың басқа да балалары бар. Қысқы уақытта, мұғаліммен сабақ өту үшін ол балаларды қуып шыға ма? Сосын мұғалімдер біледі, үйден оқитын балалар 2 сағат бойы, 4 сабақ болсын, 3 сабақ болсын бір бөлмеде отырмайды. Әсіресе күрделі диагнозы бар балалар тез шаршап кетеді. Сосын ол бала ауырып қалатын болса, аптасына екі рет келетін мұғалім бір рет келмей қалса, тең жарты сабақ жоқ. Ешбір мемлекеттік мектепте мұғалім үйде оқитын бастауыш сыныптың баласына 4 рет бармайды, ал, бізде мұғалім 4 рет келеді, бұл жағдай ескерілген», – дейді ол.
Суретті Нұрым Нұрғалиев ұсынды
Мектептің осы уақытқа дейін қалай жұмыс істеп келгенін және мемлекеттік қаржыландырудың не себепті тоқтатылғанын білдік.
«Біз бұған дейін тек қана мемлекеттік қаржыландырумен жұмыс істеп келе жатырмыз. Былтырғы оқу жылында білім басқармасы 240 балаға қаражат төледі, тек сәуір, мамыр айының 10 пайызын Алматы қаласындағы бүкіл жеке мектептерге төлеген жоқ. Ал, биылғы оқу жылына бізде әлі келісім-шартқа қол қойылмады. Біз Алматы қаласында бүкіл 130 мектептің ішінде 3,5 жылда ата-анадан бір тиын ақша алмайтын мектеп болғандықтан, ары қарай жұмыс істей аламыз ба деген сауалға жауап керек. Бізге қаржы төлене ме? Мұғалімдер қалай жалақы алады?
Ал, білім басқармасы бізге конкурс жарияланған жоқ деп отыр. Бірақ байқау жарияланғанның өзінде, олар СЭС рұқсат берген, 60 оқушыға арналған негізгі мектебімізге ғана төлейміз дейді», – деді Нұрым Нұрғалиев.
Суретті Нұрым Нұрғалиев ұсынды
Тілші директордан білім басқармасының неліктен мұндай шешім қабылдағанын және оған қандай уәж келтіргенін сұрады.
«Бұл жерде білім басқармасының жіберіп отырған қателігі - мектептің жобалық сыйымдылығына үйде оқитын балаларды да кіргізіп отыр. Олар да жалпы есепке кіреді дейді. Иә, оған келісеміз. Бірақ жобаның сыйымдылығына кірмейді. Себебі олар лицензия бар мектептің партасында отырмайды. Яғни, туалет, асхана тағы басқа инфрақұрылымына жүктеме түсірмейді. Себебі олар үйде оқуға кеңес берген балалар.
Бірақ, мен сол балалардың жағдайын жасап отырмын. Себебі біздің ата-аналарда ерекше баланың дамуына аса қажет АФК зал, спортзал, ондағы құралдар жоқ», – деп жауап берді ол.
Мектеп басшысының сөзінше, білім басқармасы оқуды ақылы етуді ұсынған.
«Білім басқармасының тағы бір ұсынысы - мектепті ақылы жасаңыздар дейді. Бірақ, біздегі 270 ата-ананың көпшілігі аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар. Басым бөлігі көпбалалы, кейбіреуі ерекше баланы өзі ғана асырап отырған жалғыз басты аналар, тіпті, бір отбасында бірнеше баласы мүгедек жанұялар бар. Мен оларға “енді балаңызға ақша төлейсіз” деп айта алмаймын. Олар төлей де алмайды. Бұл жерде мемлекет ақша үнемдеуді көздеп отырса, қателеседі. Себебі, ойлаңызшы, егер ол балалар, мемлекеттік мектепке баратын болса, ол жерге бізден де көп ақша төлейді. Сонда қандай үнемді айтып отыр?
Сосын тағы бір қойып отырған талаптары - тек қана Алматы қаласының балалары болсын дейді. Бұған дейін ондай талап болмаған.
Мысалы бала ауылда оқитын болса, мемлекет қалаға қарағанда квота бөлу арқылы ауылға одан да көбірек ақша төлеуі керек болады. Мұнда да мемлекет бәрібір үнемдемейді, керісінше көп шығындалады.
Енді мемлекеттен қолдау болмаса, білмейміз. Бірақ, олардың ақылы жасау керек деген ұсынысын да қабылдай алмаймыз», – дейді Нұрғалиев.
Суретті Нұрым Нұрғалиев ұсынды
Ұстаздар мен ата-аналардың талап-тілегі қандай екенін сұрадық.
«Мұғалімдер бүгіннен бастап уақытша режимге, ең төменгі 85 мың теңге жалақымен отырады. Себебі бізде қаржы жоқ. Ал, ата-аналарға білім басқармасы балаларын басқа мемлекеттік мектептерге орналастырып беруді ұсынады. Бірақ ата-аналар ол мектептерге барғысы келмейді, көбі ол мектептерден қашып бізге келіп жатыр», – дейді мектеп басшысы.
Тілші одан мемлекет тарапынан ерекше балалар мен олардың ата-аналарына қандай қолдау көрсетілуі керек екенін және қазіргі таңда мемлекеттің ерекше балаларды қолдау деңгейі туралы ойын білді.
«Әрине, мемлекет тарапынан қолдау болып жатыр. Бірақ осындай жобаларды республика көлемінде жүзеге асыруға неге қарсы болып жатқанын түсінбей отырмыз. Ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру ісінде қолдау керек. Сағат санын, арнайы мамандардың жалақысын көбейту керек. Өйтені, ерекше балалардың саны күннен күнге өсіп бара жатыр», – деп жауап берді Нұрғалиев.
Суретті Суретті Нұрым Нұрғалиев ұсынды
Директордан инклюзивті мектептердің бүгінгі ең үлкен мәселесі қандай екенін және оны қалай шешу қажет екенін сұрадық.
«Инклюзивті мектеп деген - ерекше балалар мен сау балалар бірге оқитын мектеп. Бізде әзірге инклюзивті мектеп жоқ. Тек арнайы мектептер ғана бар. Ал, біздегі 270 баланың барлығы ерекше білім беруді қажет етеді. Мұнда сау балалар келгісі келмейді. Себебі, әрине, өзіңіз де түсініп отырсыз, қоғам дайын емес. Мұндай балалардың қасында отырғысы келмейді, өкінішке орай», – деді ол.
Соңғы сұрақ ретінде тілші баланы жеке ассистент немесе педагог-ассистенттің көмегімен оқыту әдісі туралы да сұрады.
«Ол жерде бірнеше сұрақ бар. Педагог ассистент тұрақты бола ма? Бір айдан кейін кетіп қалып, кейін басқа адам табу үшін тағы үш-төрт ай уақыт кетпей ме және ол барлық оқушыға берілмейді. Сосын буллинг басталуы мүмкін. Оның бәрі үлкен мәселе.
Қазір инклюзивті, тіпті педагог ассистентпен оқитын оқушылар да біздің мектепке келіп жатыр. Себебі оларда осындай үлкен проблемалар басталған. Буллингтің кесірінен бала қатты өзгеріп, одан сайын жаман болып кеткен мысалдар бар», – дейді «Педагог академиясы» қоғамдық бірлестігіне қарасты мектептің басшысы Нұрым Нұрғалиев.
Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін Politico.kz Алматы обл. білім басқармасы мен Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады.
Соңғы жаңалықтар