"Түсте анамды жерлеп, кешке дүркіретіп той басқардым". Белгілі асаба жан сырын ақтарды

Әлеуметтік желіде "супер тамада" атымен танымал болған Сабыржан өміріндегі ең ауыр той туралы шынайы естелігін бөлісті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ол анасынан айырылған қайғылы күннің ертеңінде де екі тойды басқаруға мәжбүр болғанын айтып, жұрттың жүрегін елжіретті. "Той болатын күні тамаданың басынан да түрлі жағдайлар болады. Мен үшін ең ауыр той туралы айтайын ба? Шешем қайтыс болды. Үйдегілерге 'жыламаңдар' деп жұбатам, сыртқа шығып, көлігімнің ішінде жылап алам... ертесіне той бар. Екі жерде той бар", – деді Сабыржан.
Оның айтуынша, әріптесі Айбек той иелеріне хабарласып, жағдайды түсіндірген: "Айбек той иелеріне хабарласып, 'Сабыржанның анасы қайтыс болды' деп хабарлайды. Олар да түсіністік танытып, көңіл айтады". Сабыржан шешесін күндіз жерлеген соң, үйге келгенде әкесіне: "Алған аманаттарым бар, не істейін?" деп сұрағанын еске алды. Сонда әкесі оған: "Балам, аманатты орындағаның дұрыс. Туған-туысқа 'Сабыржан ауырып қалды' дейміз. Бара бер", – деп кеңес берген.
Тамада өзінің Аягөз қаласындағы тойға біраз кешіккенін де жасырмады. "Ресторанға кіріп барғанымда 400 адам қол шапалақтап, қарсы алды. Сол сәтте бүкіл қайғымды ұмытып, бір жарым сағат тойды дүркіретіп өткізіп бердім", – деді Сабыржан. Осылайша, ол бұл оқиғаның өзінің өміріндегі ең ауыр той ретінде есінде қалғанын айтты.
Соңғы жаңалықтар





