Үкімет енді құрғақ есеппен емес нақты нәтижемен бағаланады
Мемлекет қаржыны көбірек бөлгенімен, көмек мұқтаж адамға жетпесе, одан не пайда? Саясаттанушы Борис Поломарчуктың пайымынша, мемлекеттік басқарудағы өзгерістің де басты өлшемі осы болуға тиіс: орындалған тапсырмалар саны емес, жұрттың күнделікті өміріндегі нақты нәтиже, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның байқауынша, соңғы бірнеше жылда Үкіметтің жұмыс тәсілі өзгере бастаған. Бұрынғы «тапсырма берілді – орындалды» деген тізбекке енді сол жұмысты қалай атқару керектігі, кімнің жауап беретіні және нәтижені немен өлшейтіні қосылып келеді.
Қарапайым адам мұны бірден аңғармауы мүмкін. Алайда басқару үшін айырмасы елеулі, дейді саясаттанушы. Өйткені жауаптысы, қаржысы, мерзімі мен бақылау тәртібі белгіленбеген тапсырманың ақыры сиырқұйымшақтанып кетуі оңай.
Поломарчук бұған Президенттің 19 қыркүйектегі сенбілікте айтқан сөзінен кейінгі Үкімет жұмысын мысал етеді. Оның айтуынша, министрлер кабинеті міндеттерді әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, экологиялық мәдениет, құрылыс, қалаларды дамыту және жол саласы бойынша бөлген. Әрқайсысына жауапты ведомстволар мен өңірлер айқындалып, жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасарына жүктелген.
Қалаларды дамыту мәселесінің мемлекет басшысы тапсырмаларында жиі кездесе бермейтінін айтқан сарапшы, бұл түйіннің де шешімін іздейтін кезі келген деп санайды.
Көмек кімге жетеді?
Әлеуметтік төлемдердегі өзгеріс жаңа ұстанымның қалай іске асатынын көрсетпек. Төлемнің 36 түрінің 14-ін мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау жоспарланған. Ал жергілікті әлеуметтік көмектің 13 түрін төрт түрге біріктіру көзделіп отыр.
Мұнда мәселе қанша ақша жұмсалғанында ғана емес. Сол қаражат шынымен қолдауға зәру адамның қолына тиді ме – саясаттанушы назар аударатын сауал осы.
Оның түсіндіруінше, Президент айтып жүрген әлеуметтік әділеттілік бәріне бірдей үлестірумен шектелмейді. Кей адамға аяғынан тұрып кетуі үшін өзгеден көбірек көмек қажет. Сарапшы әлеуметтік саясат осы қажеттілікті ескеруге бет алды деп есептейді.
Көмекті алу жолын түсіндіруге Отбасының цифрлық картасы да қолданылмақ. Азаматтарға тиесілі төлемдер мен оларды рәсімдеу тәртібі туралы қысқа хабарлама, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы ақпарат беру көзделген. Әсіресе шалғай аудандарда адамдар өзіне қандай көмек тиесілі екенін білмей, оны пайдаланбай қалатынын айтады Поломарчук.
Бірақ цифрлық жүйенің міндеті хабарлама жіберумен бітпейді. Ол негізсіз төлемдерді де анықтауға көмектесуге тиіс.
Саясаттанушының айтуынша, мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету кезінде цифрлық тетіктер арқылы бірқатар бұзушылық анықталған. Жасанды интеллект медициналық құжаттарды қолдан жасаудың шамамен 170 жағдайын табуға мүмкіндік берген. Бұған қоса, әртүрлі адамның мәліметтері бірдей болып шыққан көптеген жағдай тіркелген.
Бұрын бөлек-бөлек сақталған деректерді біріктіріп, салыстыру осындай сәйкессіздіктерді көруге жол ашты, дейді сарапшы. Оның бағалауынша, әлеуметтік саланы цифрландыру азаматқа қолайлы жағдай жасаумен қатар, бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсаудан қорғауға да қызмет етеді.
Дегенмен мұнда екінші мәселе бар: негізсіз төлемдерді қысқартамыз деп, көмекке шынымен мұқтаж адамды қолдаусыз қалдырып алмау керек. Поломарчук реформаның басты сынағы осы тепе-теңдікті сақтауда деп біледі.
Оның сөзінше, Президент мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартпайтынын айтқан. Сондай-ақ Қазақстанда бар, бірақ Еуропа елдері мен АҚШ-та жоқ қолдау түрлерін мысалға келтірген. Саясаттанушы әлеуметтік сала басымдық болып қала береді, қолдау ауқымы да ұлғаяды деп күтеді.
Сандарға қарағанда, биыл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 триллион теңге қарастырылған. Амбулаториялық ем кезінде дәрі алатын азаматтар саны 2018 жылғы 1,9 миллионнан 2026 жылы 3,4 миллионға дейін өскен.
Алайда бөлінген соманың ұлғаюы өздігінен тиімділікті білдірмейді. Қаржыны көбейте беріп, тіпті ақша басып шығаруға да болады, бірақ адамның жағдайы жақсармаса, мәселе тереңдей түседі, деп пайымдайды Поломарчук.
Жолдың жайы есептен көріне ме?
Қағаздағы көрсеткіш пен күнделікті тұрмыстың арасы жол мәселесінде анық байқалады.
Мәлімет бойынша, республикалық жолдардың 94 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 91 пайызы нормативтік талаптарға сай. Ал елді мекендердегі көшелерде бұл көрсеткіш – 71 пайыз ғана. Саясаттанушы қазіргі жағдай үшін мұны төмен деңгей деп бағалайды.
Жол желісіне қатысты азаматтар өтініштерінің 58 пайызы жергілікті жолдарға байланысты екені де осы мәселенің салмағын көрсетеді, дейді ол.
Сарапшының айтуынша, жол сапасын бірнеше сатыда тексеру, материалдардың бірыңғай дерекқорын құру, құрылыс барысын цифрлық жүйемен қадағалау және мердігерлердің жауапкершілігін күшейту тетіктері енгізіліп келеді. Үкімет Президент атаған көрсеткіштерді нақтылаған.
Поломарчук мұны тапсырманың орындалу тәртібіне айналуымен байланыстырады. Сол тәртіптің нәтижесін кейін есептен ғана емес, күнде жүретін көшеден де көруге болуға тиіс.
Бәрі өз жұмысын істесе де...
Мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын саясаттанушы оркестрге ұқсатады. Әр музыкант өз аспабында жақсы ойнағанымен, әрқайсысы бөлек әуен тартса, тұтас шығарма шықпайды.
Оның сипаттауынша, қалыптасып келе жатқан басқару үлгісінде Президент саяси міндетті айқындайды, Үкімет оны нақты жұмыс бағыттарына бөледі, Құрылтай қажетті заңнамалық негізді әзірлейді. Министрліктер іске асыру тетіктерін дайындаса, әкімдіктер жергілікті жердегі орындалуына жауап береді. Ал жұмысты үйлестіру міндеті белгілі бір лауазымды тұлғаларға бекітіледі.
Үкіметтің соңғы кеңесінде осы үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасарына тапсырылғанын сарапшы тағы атап өтеді. Оның байқауынша, енді жұмыстың атқарылғанын ғана емес, сапасын да бағалауға мүмкіндік беретін құралдар пайда болып жатыр.
Экология саласындағы бастамалар да осыған саяды. Поломарчуктың айтуынша, Президент тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеуді тапсырған. Ол бес бағытты қамтуға тиіс: экологиялық ағарту, еріктілік, тазалық пен абаттандыру, көгалдандыру және табиғи аумақтардың тазалығы.
Әр бағытқа жауапты мемлекеттік орган белгіленіп, жалпы үйлестіру Үкіметте қалады деп болжайды саясаттанушы.
Оның мәліметінше, «Таза Қазақстан» аясында өңірлер рейтингін сынақ ретінде енгізу басталған. Бағалау кезінде халықтың қалдық жинау қызметімен қамтылуы, қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату, қоқыс полигондарының жағдайы, тұрғындардың экологиялық іс-шараларға қатысуы және TazaQazBot арқылы түскен өтініштердің орындалуы ескеріледі.
Поломарчуктың түйіні бойынша, ендігі сауал Президент тапсырмасының бар-жоғында емес. Міндеті, жауаптысы, қаржысы, мерзімі және тұрғынға берер нәтижесі көрсетілген кестені қашан көреміз?
Мұндай жүйе бір күнде құрылмайтынын сарапшы да мойындайды. Әзірге ол қалыптасу үстінде. Ал оның жұмыс істегенін азамат есеп берілген күні емес, көмегі уақытында тиіп, көшесінің жолы түзелгенде сезбек.
Соңғы жаңалықтар