Ұлдана Мырзуан ісі: айыпталушының адвокаты судьядан бас тартуды сұрады
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесінің екінші отырысы өтіп жатыр. Сот барысында сотталушының адвокаты судьяға қарсылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Іс бойынша тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің (ОСИ) төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға Қылмыстық кодекстің 254-бабының 1-бөлігі («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша айып тағылған.
Сот отырысының басында Жұбаниязованың жаңадан қосылған қорғаушысы Асхат Алимов қылмыстық іс материалдарымен толық танысу үшін процесті кейінге қалдыруды сұрады. Алайда судья Меруерт Абаева адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады.
«Бұған дейін де адвокаттың өтініші бойынша сот отырысын кейінге қалдырғанбыз. Қазір мұндай қажеттілік жоқ», – деді судья.
Сотта жәбірленушілердің бірі Айнұр Нұрпейісованың адвокаты Жадыра Құрымбаева да өтініш білдірді. Оның айтуынша, Қостанайдан келген жәбірленуші сотта алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеуі керек.
Адвокаттың өтініші қабылданбағаннан кейін Асхат Алимов судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді.
Судьяға қатысты қарсылықты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот төрағасының міндетін атқарушы Самат Сембаев қарады.Ол қорғаушының қарсылығын қанағаттандырусыз қалдырды. Самат Сембаевтың айтуынша, судьяны істі қараудан шеттетуге жеткілікті негіз жоқ.
«Сот барлық деректі зерделей келе, судьяны ауыстыру қажет емес деп санайды. Адвокаттың қарсылық білдіруіне негіз болатын дәлелдер жеткіліксіз. Осыған байланысты Меруерт Абаева істі қараудан шеттетілмейді. Қарсылық негізсіз деп танылды», – деді Самат Сембаев.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында болған еді. Ұлдана Мырзуан жұмыс істеп жүргенде ғимараттың қасбетінен кірпіштер мен кондиционер бекіткіші құлаған. Ауыр жарақат алған фельдшер 18 қарашада көз жұмды.
Соңғы жаңалықтар