Ұлттық банк зейнетақы қорының 34,5 млрд теңгесін Отбасы банкінің облигацияларына салды

22.06.2026 12:52 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ұлттық банк зейнетақы қорының 34,5 млрд теңгесін Отбасы банкінің облигацияларына салды
76
Фото: gov.kz

Қазақстанның Ұлттық банкі мамыр айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражаты есебінен 34,5 млрд теңгеге Отбасы банкінің бағалы қағаздарын сатып алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Инвестициялық басқару есебіне сәйкес, елдегі екінші деңгейлі банктердің облигацияларына бағытталған зейнетақы қаржысы бір ай ішінде 39,85 млрд теңгеге артып, жалпы сомасы 679,68 млрд теңгеге жетті. Қазіргі таңда бұл сала қор портфеліндегі жалпы активтің 2,57%-ын иеленіп отыр.

Зейнетақы активтерінің басым бөлігі немесе 43,38%-ы Қазақстан Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына тиесілі. Өткен айда бұл бағытқа 147,5 млрд теңге инвестицияланды, оның жылдық табыстылығы 17,87%-ды құрайды. Осы кезеңде Қаржы министрлігінің 24,23 млрд теңгелік бағалы қағаздары өтелген. Сонымен қатар мамыр айында АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарына 394,12 млрд теңге салынды. Шетелдік активтер бойынша орташа өлшенген жылдық табыстылық 3,66%-ға тең.

Бұдан бөлек, қаржылық операциялар аясында Қазақстанның Даму банкінің 65 млрд теңгелік және Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының 50 млрд теңгелік облигациялары өтелді.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ-ның жалпы активтері 26,4 трлн теңгені құрады.

Войдите, чтобы оставить комментарий