"Ұлты басқа": Толқын Забирова алғаш рет күйеуі туралы айтты

19.05.2026 14:04 Мөлдір Қайнар
269
Фото: instagram.com/tolkynzabirova

Танымал әнші Толқын Забирова «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында жолдасының қазақ өнеріне қосқан үлесі туралы айтып, оның көпшілік назарынан тыс жүретін қарапайым болмысын сөз етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесінің айтуынша, жұбайы ұзақ жылдар бойы қазақ сахнасының дамуына еңбек сіңіргенімен, өзін жарнамалап, ел алдына шығаруды ұнатпайды.

«Менің жолдасым қазақ өнеріне қызмет етіп жүрсе де, өзін көрсеткісі келмейді. Болмысы сондай. Қолынан көп іс келеді, бірақ жария болуды қаламайды. Ұлты қазақ болмаса да, жаны қазақ. Қазақ өнеріне еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың бірегейі», – деді Толқын Забирова.

Әншінің сөзінше, жолдасы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол небәрі бір жарым жасында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Соған қарамастан, ешкімге сүйенбей, еңбегімен өмірде өз орнын тапқан.

Сондай-ақ Толқын Забирова жұбайының қазақ өнерінің ірі тұлғаларымен бірге жұмыс істегенін атап өтті. Оның айтуынша, ол Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды өнер майталмандарымен қызметтес болған.

«“Қазақконцерттің” гастрольдік бағдарламаларымен 35 жыл айналысты. Шоу-бизнестің іргетасын қалаған адамдардың бірі – менің жолдасым. Көптеген өнер адамдарының үлкен сахнаға шығуына үлес қосты», – деді әнші.

Өнер иесі кейде жұбайына қатысты айтылатын «қазақ емес» деген пікірлерге де жауап берді. Оның сөзінше, адамды ұлтына қарап емес, ел мен өнерге деген құрметіне қарап бағалау керек.

«Балаларым қазақ жерінде туып-өсті. Құжаттарында да қазақ деп жазылған. Мен үшін ең маңыздысы – туған жерге деген құрмет», – деді Толқын Забирова.

Сонымен қатар әнші кезінде шетелде босануға мүмкіндік болғанын, бірақ саналы түрде одан бас тартқанын айтты.

«Америкада, Германияда, Францияда босануға ұсыныстар болды. Бірақ мен балаларымның қазақ жерінде дүниеге келгенін қаладым», – деп бөлісті ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий