"Ұлым өлтіремін дейді": ер адам көпшіліктен көмек сұрады (ВИДЕО)
Түркістан облысында отбасылық жанжал ушығып, адам өміріне тікелей қауіп төнген жағдай қоғам назарын аударды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қарт әке өз ұлы тарапынан өлім қаупі барын айтып, елден және құқық қорғау органдарынан көмек сұраған, деп хабарлайды Politico.kz
Оқиға Түркістан облысы Жетісай қаласы аумағында болған.
Бейнежазбада ер адам ұлының бірнеше рет қорқытып, «өлтіремін» деп қоқан-лоқы көрсеткенін айтады. Оның сөзінше, полиция шақырылғанымен, нақты қорғаныс шаралары қолданылмаған. Қарт әке ұлы уақытша босап шығуы мүмкін екенін, ал ондай жағдайда өз өміріне нақты қауіп төнетінін айтып, қатты алаңдаулы екенін жеткізген.
Ол бұл жағдайдың алғаш рет болып отырғанын да жасырмады. Айтуынша, желтоқсан айының басында да жанжал шығып, сол кезде үйден кетуге мәжбүр болған. Бейнежазбадағы «Өз балам өзімді өлтірмекші» деген сөзі көпшіліктің жүрегін шымырлатып, қоғамды елең еткізді.
Аталған видео Instagram желісіндегі @gulmira_abykai_official парақшасында жарияланған. Журналист Гүлмира Абықай бұл жазбаны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің назарына тікелей жолдап, мәселені қоғам алдында ашық көтергенін атап өтті.
Қоғамдық резонанс тудырған бұл жағдайға байланысты құқық қорғау органдарының ресми түсініктемесі мен нақты шешімі әлі күтілуде. Қарт адамның өмір қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс, ал бұл оқиға отбасылық зорлық-зомбылыққа немқұрайды қарауға болмайтынын тағы бір мәрте көрсетті.
Соңғы жаңалықтар