Үндістанда көз жұмған 16 жастағы Сұңқардың анасы ұлының ұрығын Қазақстанға жеткізуді сұрады
Үндістанда қатерлі дерттен емделу кезінде көз жұмған 16 жастағы Сұңқар Сәбиттің ұрығын Қазақстанға жеткізу мәселесі қоғам назарын аударды. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналистің айтуынша, Қызылорда облысының тұрғыны Сұңқар Сәбит биыл 20 сәуірде Үндістан астанасы Делиде қайтыс болған. Ол анасымен бірге аталық безінің қатерлі ісігін емдету үшін шетелге барған.
Туыстарының сөзінше, дәрігерлер химиялық терапияны бастамас бұрын жасөспірімнің болашақта әке атану мүмкіндігін сақтау мақсатында ұрығын арнайы жағдайда қатырып сақтаған.
Алайда Сұңқар қатерлі ісіктен емес, жүрегіндегі тромбтың жарылуы салдарынан көз жұмған.
Бұған дейін марқұмның анасы Райхан Мәлікова ұлының ұрығын Қазақстанға алдыртып, елде сақтағысы келетінін айтқан еді.
«Баламның ұрығын Қазақстанға алып келіп, сақтағым келеді. Осы мәселеде көмектессе екен», – деген болатын ол.
Руслан Өтепбайдың айтуынша, қазір қара жамылған ананың басты мақсаты – Үндістандағы медициналық мекемеде сақтаулы тұрған ұлының ұрығын Қазақстанға жеткізу.
«Бүгін осы мәселені шешу үшін Үндістанға ұшқалы жатырмын», – деп жазды журналист.
Айта кетейік, бұған дейін Райхан Мәлікова ем іздеп жүріп делдалдардың құрбаны болғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, қолындағы бар қаражатын жұмсаса да, үндістандық дәрігерлер жасөспірімге толық ем жасап үлгермеген. Ал Сұңқар шетелге барғаннан кейін 12 күн өткен соң көз жұмған.
Өз кезегінде жасөспірімді Үндістанға апаруға көмектескен «Medical Travel» компаниясының өкілдері марқұмның анасынан ешқандай ақша алмағандарын мәлімдеген.
Соңғы жаңалықтар