Үш бала мен әкенің өлімі: ақталып шыққан жүргізуші қайта сотталмақ
Самара-Шымкент тас жолында 4 адамның өмірін жалмаған жол апатына айыпталып, кейін алқа билердің шешімімен ақталып шыққан Қырғызстан азаматы қайтадан сот алдында жауап береді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 2023 жылы тіркелген. Қырғызстандық 33 жастағы Рамазан Инфуров басқарған Volvo жүк көлігі Mitsubishi Montero Sport жеңіл көлігімен соқтығысып, салдарынан бір отбасының отағасы мен 3 кішкентай баласы көз жұмған.
Бастапқыда тергеушілер жол талғамайтын көлікті тізгіндеген марқұмның әйелін кінәлі деп тауып, алайда сот оны толықтай ақтап шыққан болатын. Осыдан кейін ғана айып шетелдік азаматқа тағылып, оның ісі 4 рет қысқартылғанымен ақыры сотқа жеткен.
Осы жылдың наурыз айында Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билер қылмыстық құрамның жоқтығын алға тартып жүргізушіні кінәсіз деп тапқан.
Жәбірленуші тараптың 50 млн теңге моральдық және 500 мың теңге заңгер шығынын өндіру туралы талап арызы да қаралмай қалған. Алайда үкім шыққаннан кейін 1 ай өткен соң прокуратура мен жәбірленушілер апелляциялық шағым түсіріп, алқа билерді таңдау кезінде өрескел қателіктер кеткенін мәлімдеген.
Сот кабинетіндегі құжаттарға сүйенсек алқа билердің бірі балалары бар екенін айтып процеске қатысудан бас тартса, екіншісі тіпті ант қабылдамаған. Ал қосалқы құрамдағы тағы бір мүшесі мән-жайға қарамастан алдын ала ақтау үкімін қолдайтынын ашық айтқан. Осы уәждермен толық келіскен апелляциялық саты ақтау үкімінің күшін жойып, қылмыстық істі жаңа судьялар мен алқа билер құрамымен қайта қарауға жолдады.
Соңғы жаңалықтар