"Балалары жетім қалды": Ақмола облысындағы ұшақ апатында үш баланың анасы қаза тапты

18.08.2025 15:38
0
914
Коллаж: POLITICO.KZ (Сурет: newtimes.kz)

Ақмола облысында болған ұшақ апатынан үш баланың анасы қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды Newtimes.kz.

Ақмола облысында 17 тамызда болған ұшақ апатында 43 жастағы Диана Ахметова мен ұшақ иесі Арман Мусин қаза тапқаны белгілі болды. Әйел өзінің бұрынғы арманын орындап, туған күніне арнап ұшақпен ұшуды жоспарлаған екен.

Диана Ахметова 16 тамызда туған күнін тойлаған, ал келесі күні сағат 17:00-де ұшуға жоспарлаған. Ұшуға дейін аймақта жаңбыр басталып, Диана ұшудың тоқтатылуынан алаңдаған.

Құрбысына жазған хабарламада ол "Кішкентай ұшақ. Қазір жаңбыр басталды. Келіп қалсам, бірақ ұшуды тоқтатып тастаса, өкінішті болар еді" деп жазған екен. Ол негізі туған күні, яғни 16 тамызда ұшқысы келгенін, бірақ ауа райының қолайсыздығынан жоспары кейінге қалғанын да айтқан.

"Мен жалпы кеше жоспарлағанмын. Туған күніме деп едім. Бірақ ол жерде тоқтатып тастады. Мен аман-есен келемін, құдай қаласа, сендерге жазып, айтып беремін", - деген болатын Диана.

Диананың таныстарының айтуынша, әйел ұшуды ұйымдастыратын компания өкілдерімен алдын ала хабарласып, олардан ауа райы қолайсыз болса ұшу кейінге қалдырылатыны жайлы жауап алған. Бірақ жаңбырға қарамастан ұшақ әуеге көтерілген. Сағат 17:00-де ұшып шыққан әуе кемесі 38 минуттан соң апатқа ұшырады.

Анасының хабар-ошарсыз кеткеніне алаңдаған балалары оны өздігінше іздеуге кіріскен. Іздеу жұмыстарына еріктілер қоғамы да атсалысыпты. Сол сәтте жақындары үмітін үзбей жүргенімен, кешкі сағат тоғыздар шамасында жаңалықтардан ұшақ апаты туралы хабар жеткен. Ал әйелдің қаза тапқаны жөнінде полиция туыстарына түн ортасында ғана мәлімдеген.

Бұл оқиғаның ең ауыр тұсы – 19 жастағы қызы мен 12, 14 жастағы екі ұл енді толық жетім қалды. Олардың әкесі өткен жылы өмірден өткен болатын. Марқұмның туыстары ұшуды ұйымдастырған Polety_astany компаниясының өкілдері оқиғадан кейін хабарласпағанын, тіпті Instagram желісіндегі парақшаларын өшіріп тастағанын айтады.

Көлік министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігі (адам өліміне әкеп соққан әуе көлігі қозғалысының немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Айта кетейік, Ақмола облысында ұшақ құлап, екі адам қаза тапқаны жайлы айтқан болатынбыз.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий