Ұшақ, вилла және суицид: Әлия Назарбаеваның Швейцариядағы даулы жобасы аяқталды

23.07.2026 10:17 Мөлдір ҚАЙНАР
Ұшақ, вилла және суицид: Әлия Назарбаеваның Швейцариядағы даулы жобасы аяқталды
304
Фото: коллаж politico.kz

Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі Kerfuffle AG фирмасы швейцариялық ресми компаниялар тізілімінен ресми түрде шығарылды, деп хабарлайды Politico.kz Off_shores телеграм-арнасына сілтеп.

Журналистердің мәліметінше, бұл компания арқылы шетелге ондаған миллион доллар қаржы шығарылған. Сонымен қатар бұл жоба швейцариялық дәрігердің өліміне себеп болып, Қазақстан күмәнді инвестициялар салдарынан жүздеген миллион доллардан айырылған.

Кезінде Tages-Anzeiger басылымы Назарбаеваның Цюрих көлінің жағасында ауқатты клиенттерге арналған жеке клиника салуды жоспарлағанын жазған еді. Тікұшақ алаңы бар "Швейцариялық қамал" жобасына 350 млн швейцариялық франк жұмсау көзделген.

Іс 2013 жылы басталған. Тіпті жоба тоқтағаннан кейін де жұмысты жалғастырған жергілікті кардиолог-дәрігер қарызға батып, соңында өз үйін өртеп, өзіне қол жұмсаған. Оған қарыз бергендердің қатарында 1 млн франк талап еткен Назарбаеваның Kerfuffle AG компаниясы да болған.

Бұл Әлия Назарбаеваның Швейцариядағы жалғыз дауы емес. The Telegraph басылымының жазуынша, 2005 жылы ол Қазақстаннан $312 млн қаржы шығарған. Кейін қаржы кеңесшілері бұл ақшаға $23 млн-ға ұшақ, Лондоннан £8,75 млн-ға үй және Дубайдан $14 млн-ға вилла сатып алған.

Сондай-ақ ол швейцариялық CBH банкінің бақылау пакетін алу үшін $108 млн бөлген. Алайда акциялар қолына тимей, көмекшілері $75 млн ақшаны иемденіп кеткенін айтып, сотқа шағымданған. Кейін тараптар бұл дауды құпия келісіммен аяқтаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий