Ұшаққа не алып кіруге болмайды?

Ұшаққа не алып кіруге болмайды?
23.10.2025 09:47
0
96
фото: ашық дереккөз

Air Astana әуе компаниясы жолаушыларға ұшу алдындағы қауіпсіздік ережелерін қайта еске салды. Әсіресе әуе кемесі бортында қауіп туғызатын заттарға қатысты талаптарды қатаң сақтау керек, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Әуе компаниясы бөгде адамдардан ешбір зат қабылдап, оны ұшаққа алып кіруге қатаң тыйым салады. Себебі мұндай әрекеттер экипаж бен жолаушылардың қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіруі мүмкін. Бұл талапты бұзған жағдайда жолаушы ұшудан шеттетіледі. Тіпті әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы ықтимал.

Сонымен қатар, Air Astana литий-ионды батареялары бар құрылғылар мен батареялардың тасымалдануына қатысты ережелерді нақтылады. Пауэрбанктер мен литий-ионды батареяларды тіркелген жүкте тасымалдауға рұқсат етілмейді. Мұндай заттар тек қол жүгінде алып жүрілуі тиіс. Оның үстіне батареяның қуаты міндетті түрде көрсетіліп тұруы шарт.

Егер батарея қуаты 100 Вт сағаттан жоғары болса, оны әуе компаниясының рұқсатымен ғана алып өтуге болады. Ал 160 Вт сағаттан асатын батареяларды ұшақпен тасымалдауға мүлдем тыйым салынған. Ұшу кезінде пауэрбанктерді пайдалануға да қатаң тыйым салынатынын ұмытпаңыз.

Әуе компаниясы жолаушылардан аталған ережелерді қатаң сақтауды сұрайды.

Бұл ескерту жақында болған оқиғаға байланысты жасалған болуы мүмкін. Мәселен, 2025 жылдың қазан айында Air China әуе компаниясының Ханчжоудан Сеулге ұшып бара жатқан рейсінде бір жолаушының қол жүгіндегі пауэрбанкі өртеніп кеткен еді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий