«Яна сізді жақсы көрді»: судья ең ауыр жаза тағайындауының себебін түсіндірді
Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Судья Зарема Хамидуллина айыпталушылар Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын түсіндірді.
Сот залында судья қыздың сегіз ай өткен соң табылған сүйектерінің фотосын көрсетіп, қылмыстың қатыгездігін еске салды.
«Міне, Янадан қалғаны осы. Төменгі жақ сүйегі, қолдары, аяқтары мен жамбас бөлігі жоқ. Оның денесін жануарлар жыртып кеткен. Ал қалған бөлігі қайда? Сол үшін сіздерге заңдағы ең ауыр жаза тағайындалды», – деді Хамидуллина.
Судьяның айтуынша, айыпталушылар қылмысты алдын ала жоспарлап, ізін жасыруға тырысқан, бұл сотқа жеңілдік жасауға еш негіз қалдырмаған.
Сот барысында Хайржанов марқұмды «әдепсіз өмір салтын ұстанған» деп сипаттауға тырысқанымен, судья бұл мәлімдеменің дәлелсіз екенін айтты.
«Яна сізді жақсы көрген. Ал сіз бүгін оны қаралап, өз істеріңізге әлі өкінбегеніңізді көрсетіп отырсыз», – деді ол.
Сонымен қатар, сотта айыпталушылардың өзара жазысқан хаттары олардың қылмысты алдын ала жоспарлап, оны қатыгездікпен әрі мысқылдай отырып талқылағанын көрсетті.
«Бірнеше күн қатарынан сіздер Янаны қалай өлтіру керегін талқыладыңыздар. Құрбанның жағдайы емес, полициядан қалай құтылу жағы ғана сіздерді мазалаған», – деп атап өтті судья.
Хамидуллина айыпталушылардың толық отбасыдан шыққанын, жақсы білім алғанын, бірақ соған қарамастан қатыгездік пен өшпенділіктің қалай пайда болғанын түсіне алмайтынын айтты.
Сот шешімі бойынша Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов ерекше қауіпсіздік режиміндегі түрмеде өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Соңғы жаңалықтар