Ерболат Жаңабылов пен жұбайы отбасылық жанжалдан кейін сотта татуласты

01.10.2026 • 19:07 Қарақат АСЫЛОВА
Ерболат Жаңабылов пен жұбайы отбасылық жанжалдан кейін сотта татуласты
362
Фото: Tengrinews.kz

Астанада блогер Ерболат Жаңабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенова арасындағы отбасылық жанжалға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот отырысы жабық режимде өтті. Іс барысында ерлі-зайыпты татуласқаны белгілі болды.

Іс материалдарына сәйкес, 30 қыркүйекте ерлі-зайыптының арасында үйде жанжал туындаған. Сот мәліметінше, Жаңабылов жанжал кезінде жұбайының қолынан ұстап, оның тыныштығын бұзған. Алайда оның әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмаған. Осыған байланысты іс отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қаралды.

Сотта Ерболат Жаңабылов кінәсін мойындап, болған жағдайға өкінетінін және жұбайымен татуласуға ниетті екенін айтқан. Ал Эльмира Төлегенова өзіне қол көтерілмегенін мәлімдеп, татуласуға келісімді ешқандай қысымсыз, өз еркімен бергенін жеткізген.

Сондай-ақ ерлі-зайыпты сотқа жазбаша татуласу келісімін ұсынған. Сот Жаңабыловтың бұған дейін осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, кінәсін мойындағанын және тараптардың татуласқанын ескерді.

Сот отырысының жабық өтуін Жаңабыловтың өзі сұраған. Ол процесс барысында жеке өмірге қатысты мәліметтер айтылатынын алға тартқан. Жұбайы да бұл өтінішті қолдап, сот журналистерді залдан шығару туралы шешім қабылдады.

Войдите, чтобы оставить комментарий