"Жағдайы ауыр": Астанада балалар алаңында тоқ соққан бүлдіршін жансақтау бөліміне түсті

17.08.2026 14:47 Мөлдір ҚАЙНАР
511
Фото: видеодан скриншот

Астанада балалар алаңының жанындағы жоғары кернеулі кабельден тоқ соғып, ауыр жарақат алған бала жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға А105 көшесіндегі №11 үйдің ауласында болған. Тұрғындар бұған дейін құрылыс компаниясына ашық жатқан қауіпті кабель туралы бірнеше рет шағымданғанын айтады. "Галамат" компаниясы кабельдің бетін топырақпен ғана жауып қойғандықтан, сымдар қайтадан ұшқындап, салдарынан бала зардап шеккен.

Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баланың №2 қалалық балалар ауруханасында жатқанын хабарлады. Дәрігерлердің мәліметінше, кішкентай науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Қазіргі таңда қажетті қарқынды терапия жүргізіліп жатыр.

Қала әкімдігі шілде айының соңында құрылыс компаниясына кабельді тиісті деңгейде көму туралы ескерту жасалғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, қауіпті кабель желіден ажыратылып, толық көмілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий