«Жағдайы өте жақсы»: Ақаев бұрынғы құдасы Назарбаевты жуырда көргенін айтты
Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында қазіргі тұрмыс-тіршілігі, Мәскеудегі қызметі және Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысы жайында айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Сұхбат барысында журналист Ақаевтан қазір қайда тұрып жатқанын және қандай іспен айналысатынын сұрады. Бұрынғы мемлекет басшысы бүгінде Мәскеуде тұратынын және Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еңбек ететінін айтты.
Оның сөзінше, ол аталған оқу орнында математика профессоры ретінде қызмет атқарады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, магистранттар мен докторанттарды даярлаумен айналысады және ғылыми еңбектер жариялайды.
Асқар Ақаев соңғы 22 жыл ішінде алғаш рет Ыстықкөлге келгенін де атап өтті. Ал Қырғызстанға бұған дейін төрт жыл бұрын барғанын жеткізді. Елге еркін кіріп-шығуына қатысты сұраққа ол ешқандай кедергі жоқ екенін айтты.
«Маған қатысты ешқандай мәселе жоқ. Ештеңеден қауіптенбеймін, күзетсіз жүремін. Бұл жолы қызыммен бірге келдім», – деді ол.
Сұхбат кезінде Асхат Ниязов Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен арадағы қарым-қатынасы туралы да сұрады. Ақаев Назарбаевты әрдайым құрметтейтінін және араларында жақсы байланыс сақталғанын айтты.
«Мен бірге қызметтес болған адамдардың барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Нұрсұлтан Назарбаевқа да отыз жылдан бері ерекше құрметпен қараймын», – деді Қырғызстанның бұрынғы президенті.
Журналист Назарбаевтың қазіргі жағдайы мен оны соңғы рет қашан көргені туралы сұрағанда, Ақаев бұл мәселеге кеңінен тоқталғысы келмейтінін, алайда жақында кездескенін айтты.
«Оны жуырда көрдім. Денсаулығы жақсы, аман-есен. Жағдайы өте жақсы», – деп жауап берді Асқар Ақаев.
Айта кетейік, Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаев 1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға үйленген болатын. Ол кезде Әлия 18 жаста болған.
Соңғы жаңалықтар