Жаңа жылдан бастап АИ-95 және АИ-98 бензинінің бағасы өсуі мүмкін

25.11.2025 15:47 Арман Ермеков
Жаңа жылдан бастап АИ-95 және АИ-98 бензинінің бағасы өсуі мүмкін
0
212
Фото: ашық дереккөз

Келе жатқан 2026 жыл кейбір жүргізушілер үшін жағымсыз жаңалықпен басталуы ғажап емес. Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов жоғары октанды жанармай түрлерінің құны өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналистердің «1 қаңтардан бастап жанар-жағармай бағасы құбыла ма?» деген сауалына жауап берген шенеунік нарық заңдылықтарын алға тартты. Оның сөзінше, қазіргі таңда элиталық саналатын АИ-95 және АИ-98 маркалы отын түрлері мемлекеттің бақылауында емес. Яғни, бұл өнімдердің бағасын нарықтың өзі реттейді, сондықтан олардың қымбаттауы әбден мүмкін.

Дегенмен, қарапайым халық көп тұтынатын әлеуметтік отын түрлеріне қатысты алаңдауға негіз жоқ. Министрлік өкілі АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы үкіметтің жіті назарында екенін атап өтті.

«Бізде ең алдымен әлеуметтік маңызы бар түрлерге басымдық беріледі. АИ-92, дизель отыны және сұйытылған газ бойынша арнайы мораторий жарияланған. Бұл шектеу 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін күшінде болады», — деді Ерлан Ақкенженов.

Бұл дегеніміз – көктемнің ортасына дейін көпшілік қолданатын жанармай түрлерінің бағасы өзгеріссіз, тұрақты қалмақ.

Сөз соңында вице-министр маңызды заңнамалық норманы еске салды. Қолданыстағы ережеге сәйкес, мемлекет реттелетін жанармай бағасына жылына тек екі рет қана түзету енгізе алады. Ал қазіргі мораторий аяқталғанша, баға бағамы бірқалыпты сақталады деп күтілуде.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий