Жаңаөзенде дәрігерді пышақтап өлтіріп кетті
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында 28 қаңтарда медициналық мекеменің дәлізінде ер адам терапевт дәрігерге пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Салдарынан алған пышақ жарақатынан 29 жастағы дәрігер көз жұмды.
Желіде тараған ақпарат бойынша шабуыл жасаған күдікті мұнай саласында жұмыс істейді. Оның әйелі марқұм болған дәрігер қызмет еткен ауруханада жұмыс істеген. Күдікті марқұмды әйелін қызғанып өлтірген болуы мүмкін екені желіде тараған ақпаратта айтылған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, олардың арасындағы жанжал отбасылық-тұрмыстық сипатта туындаған.
Оқиғадан кейін күдікті полицияға өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындаған
«28 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында пышақ жарақаты салдарынан 29 жастағы ер адам көз жұмды. Алдын ала анықталғандай, қақтығыс ер адамдар арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде туындаған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындаған. Аталған дерек бойынша полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде анықтауға бағытталған тергеу шаралары басталған.
Соңғы жаңалықтар