Жиһанкез қария Еуропаға бару үшін Жезқазғандағы пәтерін сатты

10.08.2026 11:48 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жиһанкез қария Еуропаға бару үшін Жезқазғандағы пәтерін сатты
60

Жасы егде тартса да, көздеген мақсатынан таймай, мыңдаған шақырымды жаяу еңсеріп жүрген белгілі қазақстандық жиһанкез Сәрсенбай Оспанұлы Қотырашев кезекті сапарларының ерекшелігі мен соңғы кездері кезіккен кедергілері туралы ашық айтты. Әлемді жаяу аралау арқылы қазақ рухын танытуды көздеген ақсақал шетелдік сапарлардың оңайға соқпағанын, тіпті қаржы тапшылығы салдарынан Жезқазғандағы жеке пәтерін сатуға мәжбүр болғанын жасырмады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

«Ресейге жасаған бұл сапарым екінші сапарым болды. Бұл сапарды 2023 жылы бастадым. Атырауға дейін ұшақпен ұшып барып, ары қарай жаяу жол тарттым. Ресейдің Астрахань, Қалмақия, Дағыстан, Шешенстан, Ингушетия, Осетия өңірлерін аралап, Грузияның шығысынан бастап Турцияға дейін жаяу жүріп өттім. Туркияда Самсун деген үлкен қалаға бардым. Ол — Қара теңіздің жағасында орналасқан әсем қала. Онда мені қазақ студенттері қарсы алды. Одан ары жаяу жүріп, елдің астанасы — Анкараға жеттім. Анкарада елші мен консул қарсы алды. Сапарымды одан ары жалғастырып, бұрынғы тарихи астанасы — Стамбұлға бардым. Стамбұлда да қазақ диаспорасы ыстық ықыласпен қарсы алды. Осы Стамбұлдан үйге ұшақпен қайттым», — деді Сәрсенбай Қотырашев.

Демеушілерден қолдау таппаған жиһанкез Қытай сапарынан кейінгі қарыздарын өтеп, Еуропаға виза алу үшін Жезқазғандағы пәтерін сатқанын мәлімдеді. Ақсақал шетелдік виза алудағы қатаң талаптар, медициналық сақтандыру бағасы мен жас ерекшелігіне байланысты туындайтын кедергілер туралы сөз қозғады.

«2024 жылы Қытайға бару үшін арнайы жоспар құрып, соған сәйкес жолға шықтым. Сапарымды Өскеменнен бастадым. Өскеменге дейін таксимен барып, ары қарай Ресей шекарасына дейін жаяу жүрдім. Шекарадан өтіп, Ресейдің Алтай өлкесін, одан ары Моңғолияны аралап, Қытайдың астанасы — Бейжіңге дейін төтелей жеттім. Бұл менің үшінші сапарым еді. Еуропаға былтыр бара алмадым. Қаржы тапшылығы болды, виза да ала алмадым, ешқандай жағдай болмады. Биыл сәті түсіп бардым, бірақ бұл сапардың өзіне де қаржы жетіспеді, демеушілер табылмады. Қолдаушылар болмаған соң, амалсыздан өзімнің жеке пәтерімді сатуға тура келді. Себебі Қытайға барғанда қарызданып қалған едім, соны қайтаруым керек болды. Сонымен қатар, виза алу үшін де едәуір қаржы қажет. Оның үстіне визаны оңайлықпен бере салмайды: құжаттарды мұқият тексереді, ұшаққа екі бағытқа да билет алдыртады, елде болу мерзімі шектеулі, ал медицинлық сақтандырудың өзі 200 мың теңге тұрады. Қонақүйге қонуға, тамақтануға жететін де жеткілікті қаржың болуы тиіс. Осының өзінде жас айырмашылығына қарап күмәнданады. Барған жерде ауырып қалса немесе қалып қойса, «Азаматтық сұрайды» деп ойлайды. Сол себепті жан-жақты талқылап, мұқият тексергеннен кейін барып шешім қабылдайды, бірден қолға бере салмайды», — деді қария.

Ары қарай ол баспанасыз қалса да, қол ұшын созған жандардың көп екенін айтып жатыр.

«Пәтерімді сатып жіберсем де, бауырларым, туыстарым жетеді. Елім де, халқым да бар, баспанасыз қалмаспын. Сатқан пәтерім Жезқазған қаласында орналасқан еді. Екі бөлмелі, жиһаздары бар, күрделі жөндеуден шыққан пәтер болатын. Оны 18 миллион теңгеге өткізе алмай, соңында 15 миллион теңгеге саттым», — деді Сәрсенбай Қотырашев.

Войдите, чтобы оставить комментарий