«Жол апатына кінәлі – әкімнің баласы»: Жантүршігерлік апаттан кейін студент екі аяғынан айырылды
Астана – Павлодар тас жолында болған ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін қос аяғынан айырылған 21 жастағы Талғат Емелдің жақындары істің әділ тергелуін талап етіп, құқық қорғау органдарына үндеу жасады, деп хабарлайды Politico.kz сайты Newtimes.kz-ке сілтемемен.
Қайғылы оқиға 2026 жылдың 29 мамырында болған. Сессиясын аяқтаған студент Павлодарға қалааралық таксимен қайтып бара жатқан кезде мінген Hyundai Tucson көлігі жол жиегіндегі металл қоршауға соғылған. Соққы салдарынан қоршау көліктің салонын тесіп өтіп, артқы орындықта отырған Талғат ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын жамбас тұсына дейін ампутациялауға мәжбүр болған.
Туыстарының айтуынша, көлікті 22 жастағы жүргізуші басқарған. Оның әкесі Арыс қаласының әкімі қызметін атқарады. Осыған байланысты отбасы шенеуніктің қызметтік ықпалы тергеудің объективтілігіне әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігі («Көлік құралын басқару қағидаларын бұзу салдарынан адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, жүргізуші соңғы бір жылдың өзінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 29 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Прокуратура оны қамауға алуды сұрағанымен, сот күдіктіні үйқамаққа жіберген.
Отбасының сөзінше, Талғаттың толық оңалуы үшін ұзақ уақыт пен қомақты қаражат қажет болады. Оның аяқтарына арнайы күрделі протездер қажет, олардың құны ондаған миллион теңгеге жетуі мүмкін. Туыстары жол апатынан кейін алғашқы уақытта жүргізуші тарапынан дәрі-дәрмекпен ғана көмектесілгенін, кейін байланыс мүлдем үзілгенін айтады.
Қазіргі уақытта Талғаттың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті жалғастыруда. Көп қан жоғалтудың салдарынан бүйрек, жүрек және басқа да ішкі ағзаларында асқынулар пайда болған. Сондай-ақ гипоксия мен ауыр соққыдан кейін жадына қатысты мәселелер байқалған.
Студенттің ата-анасы ұлына күтім жасау үшін Павлодардағы жұмыстарын тастап, Астанаға көшкен.
Жәбірленушінің отбасы Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және сот органдарына жүгініп, істің заң аясында, ешқандай ықпалсыз әрі әділ қаралуын сұрады. Олар заң алдында барлық азаматтың тең болуы тиіс екенін айтып, бұл іске қоғамдық бақылау орнатуға шақырды.
Соңғы жаңалықтар