Жұлдыз Өмірғали: Жүктілік кезінде 20 кг салмақ қосып алдым

09.10.2026 • 18:23 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жұлдыз Өмірғали: Жүктілік кезінде 20 кг салмақ қосып алдым
133
Фото: видеодан скриншот

Танымал әнші Жұлдыз Өмірғали артық салмақтан қалай арылғанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әнші НТК Show бағдарламасында айтты.

"Өз салмағыма 20 килограмм қосып алдым. Бұл артық салмақ менің сырт келбетіме қатты әсер етті, оны өзім де көріп, сезіндім. Тізем ауырды, буындарым сырқырай бастады. Оның үстіне, сахнада өнер көрсету де қиындай түсті. Сондықтан осы салмақтан арылу үшін үйде жүріп, YouTube желісінен қарап, жаттығулар жасай бастадым. Диетаға келетін болсақ, оны қатты ұстанбасам да, бұл маған үлкен төзімділік сыйлады. Би дегеніміз — үлкен еңбек. Сахнада төрт рет отырып-тұру керек болса, оған дейінгі дайындық пен репетицияларда бұл қимылды 400 рет қайталайсың. Ол үшін бұлшықеттерің әрдайым дайын болуы қажет. Сондықтан да үйден ақырындап жаттығып бастаған едім", — деді Жұлдыз Өмірғали.

Әнші үйдегі жаттығулар себебінен ауырып қалғанын айтты. Дәлірек жаттығудан кейін терлеп тұрып терезені ашқан. 

"Үйде жаттығу жасап жүрген кезде күн ысып кеткен соң, терезені ашып қойыппын. Бұл наурыз айының аяғы болатын. Сол кезде бел-сегізкөз жүйкем қысылып, суық тиіп қалды. Дәл осы жүйкем ауырып тұрған кезде, бидің алғашқы репетициясы белгіленді. Мен репетицияға ақсаңдап бардым. Оң аяғымды баса алмай, мануалды терапевтке де, сынықшыға да жүгіндім. Ол кісі бәрін орнына салып, жан-жақты уқалап берді. Емдік уколдарға дейін жетпесек те, арнайы пластырлар жабыстырып, солай жүрдім. Бірақ байқағаным, жаттығу жасап, биге дайындала бастағаннан кейін, шамамен 3-4 күннің ішінде денсаулығым өз орнына келіп, қалыпқа түсті. Одан кейін ауырсынуды мүлдем сезбейтін болдым", — деді Жұлдыз Өмірғали.

Сондай-ақ ол өзіне қолдау көрсетіп жатқан жақындарына алғыс айтты. 

"Бұл жерде менің жолдасыма және үйдегі екінші анама айтар алғысым шексіз. Маған деген түсіністіктері мен көрсеткен қолдаулары үшін көптен-көп рақмет. Ол кісі бүгінгі күнге дейін маған үлкен көмек көрсетіп келеді. Жанымда сондай адамдардың болғанына өте қуаныштымын", — деді әнші. 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий