Жұмысшылардың идеясынан 3 млрд пайда тапқан Қазақмыс жаңа жоба бастады
Қазақмыс корпорациясы жұмысшылардың тың идеяларын өндіріске енгізіп, одан қыруар пайда табуға мүмкіндік беретін жаңа жобаны қолға алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында компания жұмысшылардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған үлкен бастаманы бастады. Бұл жоба жай ғана ұсыныс жинаумен шектелмейді. Ол қызметкерлердің өндірістегі тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, жаңа инновациялық экожүйе құруды көздейді.
Енді жұмысшылар ұсынған барлық идеялар мұқият іріктеліп, ғылыми-техникалық кеңестің зерттеуінен өтеді және нақты өндіріс жағдайында міндетті түрде сыналады. Компания бұл жаңалықтарды стратегиялық инвестиция ретінде қарастырып отыр. Сол себепті үздік деп танылған тұжырымдамалар корпоративтік деңгейде патенттеліп, қызметкерлердің авторлық құқығымен қорғалатын болады.
Мұндай тәсіл бұған дейін «Қазақмыс Смэлтинг» бөлімшесінде сәтті сынақтан өткен. Онда 1 жыл 8 ай ішінде қызметкерлер 500 тың идея ұсынып, оның 12 пайызы іске асқан. Нәтижесінде кәсіпорын 3 млрд теңге көлемінде экономикалық пайда тауып, идея авторларына лайықты сыйақы төленген.
«Жаңа жобаны іске қосу осы бағыттағы жұмысты Топ көлемінде жүйелеп, ғылым мен өндірістің тұрақты дамуы мен қауіпсіздік үшін өзара тығыз байланыста әрекет ететін заманауи инновациялық мәдениет қалыптастырады», – деп хабарлады Қазақмыс.
Соңғы жаңалықтар