Журналист Аман Тасыған қара жамылды

09.06.2026 13:36 Мөлдір ҚАЙНАР
Журналист Аман Тасыған қара жамылды
419
Фото: видеодан скриншот

Белгілі журналист Аман Тасығанның әжесі дүниеден өтті. Қаралы хабарды журналист өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Аман Тасыған марқұм әжесінің өткен жылы түсірілген видеосын жариялап, жүрекжарды жазба арнады. Оның айтуынша, журналист болып қалыптасуына әжесінің тәрбиесі мен ақылы ерекше ықпал еткен.

«Мынау – апамның былтырғы бейнесі. Бір жыл бұрын ғана арамызда аман-есен жүрген еді. Бүгін осы сөздерді өткен шақта жазып отырмын. Себебі менің кемеңгерім, ақылшым, тектім енді жанымызда жоқ. Журналист болып ел алдына шығуыма осы асыл апамның тәрбиесі себеп болды», – деп жазды ол.

Журналист көңіл айтып жатқан барша жанға алғыс білдіргенімен, жүрегіндегі сағыныш пен өкініштің ауыр екенін жасырмады.

«Апам 90 жасқа келді. Көпшілік “арманы жоқ, балаларының алдында кетті” деп жұбатады. Бірақ менің апама қатысты орындалмаған арманым көп еді... Енді менің басымнан кім сипайды? Кімге еркелеймін, апа?..» – деп жазды Аман Тасыған.

Журналистің жазбасы көпшіліктің көңілін босатып, желі қолданушылары оған көңіл айтып, қайғысына ортақтасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий