Журналист Әсел Құрманбаева мен Айдос Есполов туыс емес деп мәлімдеді
«Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы қаржы жымқыру ісі бойынша ұсталған Айдос Есполов пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми үшінші әйелі Әсел Құрманбаеваның туыстық байланысы шындыққа жанаспайды. Мұндай мәлімдемені белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін қоғамда желдей ескен ақпаратқа сүйенсек, жемқорлық күдігіне ілінген Есполов Құрманбаеваның ағасы саналған еді. Алайда, журналистің пайымдауынша, бұл байланыс қолдан жасалған және оның астарында саяси себептер жатыр. Ерғалиева әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жағдайдың жай-жапсарын ашып көрсетті.
«Қамауға алынған Айдос Есполов – Әсел Құрманбаеваның туған ағасы емес. Олардың әке-шешелері мүлде бөлек адамдар. Бұл – ойдан құрастырылған туыстық. Әселдің тегі анасына жазылған, ал шын мәніндегі әкесінің тегі – Исабаев. Бұны мен нақты білемін», – деп жазды ол.
Оның сөзінше, бұрынғы президент 17 жастағы бойжеткенге алғаш көзі түскен сәтте, қыздың қарапайым отбасынан шыққандығы кедергі болған көрінеді. Сондықтан оның өмірбаянын түзету қажеттілігі туындаған.
«Тілектес Есполов (Айдос Есполовтың әкесі) кезінде «Нұр Отанның» жалынды идеологы болды. Бірақ Әселдің оған қалай қыз болып шыға келгені мен үшін жұмбақ. Себебі Есполовтың өз әйелінен Әселге дейін де, кейін де туған балалары бар ғой. Ал Әселдің әкесі мүлде басқа адам», – деп жазды Ерғалиева.
Сонымен қатар, журналист ЭКСПО көрмесінен жоғалған қыруар қаржыға қатысты да өз болжамын жасады. Оның пікірінше, Айдос Есполов қаражатты өз қалтасына баспаған болуы мүмкін.
«Қаржыны Есполов иемденбеген сияқты. Оны жай ғана бюджет ақшасын Назарбаевтың қалтасына таситын шабарман қылып қойған сыңайлы. Биліктің бұл істі қаншалықты терең қазбалайтынын уақыт көрсетеді», – деп жазды журналист.
Еске сала кетейік, дереккөздердің мәліметінше, Айдос Есполовты екі күн бұрын Астана қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ұстаған болатын. Тергеу органдары оны халықаралық көрме жобасынан 2,2 миллиард теңгені жымқырып, ірі көлемде пара алды деген күдікпен тергеп жатыр.
Назарбаевтың үшінші әйелі Әсел Құрманбаева Мәскеудегі элиталы пәтердің иесі болып шыққаны белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар