Сберден Токиоға дейін. Бағдат Мусин министр ретінде қандай еңбегімен есте қалды

0
96

Өткен аптада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі болған Бағдат Мусин қызметінен кетті. Министр бұл қызметтен «өз еркіммен кеттім» деп жазса да, түрлі Телеграмм арналар оны «кетірді» деп даурықты. Біз оның министр болып жүрген кезде елді елең еткізген әрекеттері мен бастамаларына шолу жасап көрдік.

Онлайн сабақ пен «Ashyq»-тың машақаты

Жол сақшыларының қолындағы айыппұл бланкілерін планшетке ауыстырып, «Қазпоштаның» зейнетақы төлеу жүйесін автоматтандырған реформашыл IT маман ретінде танылған Бағдат Мусин 2020 жылдың 30 қыркүйегінде вице-министрліктен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі болып тағайындалды.

2019 жылдың 19 наурызынан кейін алғашқы ірі тағайындаулардың бәрі қазақстандықтардың жіті назарында еді. Асхат Аймағамбетов пен Бағдат Мусин сияқты жас менеджерлердің министрлік тізгінін ұстағанын емен есікті кабинеттерге жақын жүретін кейбір блогерлер оң бетбұрыстың басы ретінде насихаттап жатты.

Б. Мусин министр болған кез ел экономикасын цифрландырудың екінші кезеңіне дөп келді. Дегенмен, цифрландырудың бірінші кезеңінен қалған «бай мұра» жас басшының алдынан қайта-қайта шыға берді. Әсіресе, COVID-2019 пандемиясы кезінде қашықтан білім алу үшін қыстың көзі қырауда қырат-қырқаны сағалап, қора төбесінен интернет аулап кеткен ауыл халқының цифрлық министрлікке өкпесі қара қазандай еді. Бұған дейін байланысқа жауапты басшылар қазақстандықтар әлемдегі ең арзан интернеттің бірін тұтынып отырғаны туралы ұстанымды жиі айтатын. Оффлайн байланысты тыйып, онлайн байланысқа басымдық берген ғаламдық індет «Арзанның жілігі татымайды» деген мәтелді қазақ интернетімен байланыстырып айтуға да болатынын көрсетті.

Пандемия кезінде «өзін-өзі қамтушы» деп, ресми айдар тағылған уақытша жұмыссыздарға мемлекет 42 500 теңгеден өтемақы бергені ел есінде. Сол 42 500 теңгені алу үшін eGov порталы арқылы цифрлық қолтаңба рәсімдеп, өтініш жіберу қажет еді. Қалың нөпірдің eGov платформасына жамырай кіруі электронды үкіметті құлатып тынды. Халық Қазақстанның түкпір-түкпіріне интернет тарту желеуімен миллиардтап игерілген ақшаның сұрауын тағы да Бағдат Мусиннен талап етті.

Пандемия кезінде «Ashyq» қосымшасы аса танымал болды. Халықты «екпе алғандар» мен «алмағандар» дейтін екі тапқа бөліп, қоғамдық орынға кіруді шектеген цифрлық шешімді «антиваксерлер» адам құқығын таптайын құрал деп сынады. «Ashyq» арқылы үшінші тұлғалар қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз иемденіп отырғаны да көп дау туындатты.

«Сбер» және санкция

Бағдат Мусиннің қоғам алдындағы репутациясын біржақты еткен оқиға 2021 жылдың күзінде болды. Үшінші қыркүйекте Ресейдегі Шығыс экономикалық форумында «Сбер» компаниялар тобының басшысы Герман Греф пен Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Асқар Мамин «Қазақстан Республикасының цифрлық трансформациясы, цифрландырудың платформалық моделіне және „Data-Driven Government“ тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойды.

Құжатқа қолды Асқар Мамин қойғанымен, салалық ведомствоның басшысы ретінде таяқтың бәрін Бағдат Мусин жеді. Оның баспасөз командасы таратқан ресми релиздерде елдегі 400-ден астам ақпарат жүйесінің басын бір қазанға қосатын бұл жоба 500 млн доллар қаражат қажет ететіні айтылды. Осы меморандумның егжей-тегжейіне үңілген ІТ мамандар, қоғам белсенділері Ресей тарапы ұсынған жобаның ұлттық қауіпсіздікке де, азаматтардың жеке дерегіне де қаупі зор екенін айтып, дабыл қақты.

Бұл дау Мәжіліс мінберіне дейін шығып, Үкімет сағатында Бағдат Мусин премьер-министр қол қойған құжат меморандум ғана екенін, ешқандай келісімшарт емес екенін айтып, техникалық құжаттамасы 2022 жылдың 15 ақпанына дейін әзірленетінін жеткізді.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей мен Украина шиеленісі басталып, «Сбер» санкциялар құрсауында қалды. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, қос президент Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция арқылы қатысқан форумда Асқар Мамин қол қойған меморандум аясындағы келіссөздер сәл ертерек басталып, ертерек іске асып кеткен болса, батыстың басқыншылыққа қарсы экономикалық жауабын әрбір қазақстандық бүгінге дейін тартып отыруы мүмкін еді.

Осы дау кезінде БАҚ пен ел алдында жауап берген экс-министр қазақстандық жүйенің кейбір құралдары, техникалық шешімдері ескіргенін, елдегі 400-ден астам ақпарат жүйесін бір платформаға біріктірмесе, электронды қызметтердің сапасы жақсармайтынын айтудан танбады. Ресей санкциялар астында қалғаннан бері екі жыл өтті. «Сбермен» әріптестік тоқтағанымен, eGov-тің ескірді делінген платформасын жаңалау, ақпарат жүйелерін біріздендіру мәселесі өздігінен жойылып кетпегені анық. Б. Мусиннің жақтастары «Сбердің» санкциялардан көп ұзамай босайтынынан үміттенді ме, әлде сапасы сын көтермейді деген eGov олар ойлағаннан әлдеқайда өміршең болып шықты ма, әйтеуір қазір eGov-ті реформалау мәселесі күн тәртібіне сирек шығады. Тек ара-тұра «Сбердің» орнына «Kaspi» банкі келеді деген ақпараттар ортаға тасталып келеді.

Токионы таңқалдырған мәлімдеме

«Зерде» ұлттық ақпарат-коммуникациялық холдингінің жетекшілері мен Бағдат Мусин арасындағы текетірес кәсіпорынның таратылуымен аяқталды». Кейбір сарапшылар мен түрлі телеграмм арналар «Зерде ұлттық ақпарат-коммуникациялық холдингінің таратылғанын осылай сипаттап жатты.

Әділетін айту керек, «Зерде» холдингінің жұмысын ресми мінберден алғаш болып сынағандардың бірі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Ол 2022 жылдың жазында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында министр Б. Мусинге холдинг жұмысын реформалауды тапсырды. Сол-ақ екен, ертеңінде ол «Зерде холдингін» тарату жылына бюджеттің 3 млрд теңгесін үнемдейтінін, ал оның қазақстандықтар өміріне ешбір кері әсері болмайтынын айтып тұрды.

Министрліктің сол кездегі баспасөз хатшысы Ерхан Таткен: «Холдингтің таратылуы кейбір интернет қолданушылар айтып жүргендей тұлғалар арасындағы қақтығыс емес», — деп мәлімдеді.

Электронды мемлекеттік қызметтердің «Kaspi» мен «Халық банкте» көрсетілуін де азаматтардың жеке деректерін банктерге заңсыз беру деп бағалайтындар бар.

Министр мырза, интернет неге барған сайын баяулап барады?

Бағдат Мусинді көрген сайын журналистердің қоятын айнымас сұрағы осындай еді. Ол сұраққа министрдің беретін жауабы айнымайтын. Бір жолы бәленің бәрі радиофобтардан десе, тағы бір жолы «Өзім де баяу интернеттен көретінімді көріп жүрмін» деп ақталатын. Сондай қызу пікірталастың бірінде оның Астанадағы интернеттің жылдамдығы Токиодан да жоғары деп айтқан жауабы «мемге» айналды.

Starlink күткен 500 ауыл

Бағдат Мусиннің аяқсыз қалып бара жатқан, ел үмітпен де, күдікпен де қабылдаған бастамалары баршылық. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына 2023-2027 жылдары 1 трлн 32 млрд теңге жұмсалуы керек болған. Оның 325 млрд теңгесі республикалық бюджеттен алынса, 707 млрд теңгесі бюджеттен тыс қаражат деп көрсетілген. Ол кеткен соң бұл жобаның қалай іске асатынын, қаражаты қалай игерілетінін уақыт көрсетер.

Ауылға интернет тартқан операторларға 50 пайыз субсидия төлеу де осы Мусин кабинетінің бастамасы болатын. Байланыс сапасын қажетті деңгейде қамтамасыз етпеген оператордың айыппұлын бірнеше есе көтерген де Б. Мусин командасы.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жасырын барып, жүргізуші куәлігін парамен рәсімдеу арқылы саланың былығын ашуға тырысқан пиар-тәсілі де ел ішінде оң баға алды.

500 шағын ауылға төмен орбитадағы спутниктер арқылы интернет тарататын Starlink жүйесін енгізу де Б. Мусин кезінде басталды. Ол үшін заңнамаға өзгеріс енгізіліп жатыр. Ел ішінде бұл заң ертең Starlink жүйесін жеке адамдардың пайдалануына жол ашады деп үміттенетіндер бар.

Қош бол, KazSat

Оның тұсында байланыс серіктерінің жаңа буындары шығуымен байланысты «KazSat-2R» жобасын тоқтату туралы шешім қабылданды.

«Мен KazSat-2-ні алмастыратын KazSat-2R жобасын бұдан былай қарастырмауды ұсынған болатынмын. Әлемде жаңа технологиялар пайда болып жатқанда геостационарлық спутниктер олардың беретін жылдамдығын бере алмайды. KazSat-2 қазір секундына 8 Мбит интернет бере алады. Ал төмен орбиталы спутниктер 1 Гбит-ке дейін жылдамдық береді. Екеуін салыстыруға да келмейді. Біз уақыты өтіп бара жатқан технологияларға ақша салмауымыз керек. Керісінше заманауи технология жасаушылармен әріптестіктің жолын іздейтін боламыз», — деген еді Бағдат Мусин.

Мамандар мұны да министрліктің байыпты қадамдарының бірі ретінде бағалады. Қазақстанның 1200 ауылға сапалы интернет жеткізу үшін Starlink, One Web, SES өндірушілерімен келіссөз жүргізіп жатқаны да осы кезде ресми хабарланды.

Бағдат Мусиннің Қазақстан тарапы Ресеймен бірге пайдаланып келе жатқан «+7» телефон кодын ауыстыру туралы бастамасы да елді елең еткізген. Тіпті, Халықаралық электр байланысы одағы Қазақстаның өтініші бойынша «+997» деген дербес код ұсынғаны да мәлім болған. Бірақ былтырғы қарашада ол бастама іске аспайтыны белгілі болды.

Б. Мусин басқарып тұрған кезде цифрландыру министрлігі интернет операторларының арасында бәсекелестік қалыптастыру үшін «Самұрық Қазынаға» бір операторды сатқызуға қол жеткізді. Нақты айтсақ, «Қазақтелеком» АҚ мен Қатар елінің Power International Holding W.L.L. компаниясы құрамына Tele2/ALTEL брендтері кіретін «МТ-С» компаниясын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Ал өткен аптада Сенат операторлық сервиспен айналысқысы келетін тұлғаларға радиожиілікке қол жеткізу мәселесін реттейтін нормаларды мақұлдады. Бұл құжатты да Б. Мусиннің кабинеті әзірлеген болатын.

Бағдат Мусин министр болып келген 2020 жылы елдегі байланыс операторларының салаға құйған инвестициясы 136 млрд теңге болса, 2022 жылы 76 млрд теңге ғана болған. Бұл аралықта мобильді байланыс тарифі бірнеше рет қымбаттап, мобильді интернет жылдамдығы баяулай түсті. Мұны Б. Мусин кабинетінің салаға инвестиция тартуға қырсыздығы деп те, ескі ойын ережесінен бас тартқысы келмеген нарық ойыншыларының наразылығы деп те бағалауға болады.


ПІКІР ЖАЗУ