Созақта «белсіздікті емдейтін» көлге су 25 жылдан кейін бір-ақ толды

0
327

Түркістан облысының Созақ ауданындағы шипалы сумен танылған Қызылкөлге биыл су келді. Бұл көлдің суы 25 жылдан бері тартылып жатқан болатын деп хабарлады politico.kz 24KZ-ке сілтеме жасап.

Телеарнаның ресми сайтында хабарланғандай, соңғы 20-25 жылдан бері көлдің суы біртіндеп тартылып, кейінгі жылдары табаны құрғап қалған. Кезінде жағалауы демалушылардан босамайтын көлге құстар да орала бастаған. Тұзды көлдің тола бастағанын естіген ел суына шомылып, батпағына түсіп жатыр.

Айта кетсек, биыл оңтүстікте де қар қалың, көктем жаңбырлы болып, Қызылкөлге құятын 2 өзен толып ақты. Мамандардың айтуынша, су айдыны ернеуіне жетпесе де жартысына жуықтаған.

Көлдің суы тұздылығымен шипалы. Ғалымдар оның қасиеті Израильдегі Өлі теңіздің суымен шамалас екенін растайды. Аудан тұрғыны Анар Сағындықова жолдасының аяғы сыздап, маза бермеген соң батпағына түсуге келгендерін айтады.

Күйеуімді кеше әкелгенмін. «Аяғым бұрынғыдай емес, шамалы жазылған сияқты, қақсамайды, жүргенде де жеңілдеу» дейді. Қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін. Бұл кісілерде қан қысымы бар ғой енді. Жанына бір адам керек. Бүгін өзім де түсіп кеттім, «аяғым қойды» дегеннен кейін. Ем болсын, нәтижесін берсін, – дейді Анар Сағындықова.

Білетіндер «Қызылкөлдің ауасы, суы мен қара балшығы – тері ауруларына ғана емес, тыныс алу жолдары мен белсіздік, гинекология, сүйектің сырқырағанына да бірден-бір ем» дейді.

Көл жағасы маусым айынан бастап қара күзге дейін адамнан босамайды екен. Дертіне шипа іздеп келушілер алдымен қара балшыққа шомылады, одан кейін көлге түсіп, тазаратын көрінеді.

Адамдар көп келеді ғой бұл жерге, демалуға. Сенбі, жексенбі күндері кейде 250 адамдай келіп қалады. Кем дегенде 100-150 адам келеді. Арғы жағында – емдік батпағы, мына жағында – суы. Екі жағына да келіп түседі. Қазақстанның барлық аймағынан келеді бұл жерге. Былтыр Түркиядан келді. Қызылкөлді естіп, келіп, көріп, суына түсіп қайтты ол кісілер, – дейді Шолаққорған орман шаруашылығының аға инспекторы Ерлан Сәмет.

Көлдің қасиетін ұшқан құс та жақсы біледі. Мамандар қыркүйек айында айдынның бетінде ине шаншар орын болмайтынын айтады.

Жылы жаққа қайтатын құстар күзде осы көлге түсіп, қанаттарын қатайтып алады, – дейді олар.

Тереңдігі 4 метрден асатын көлдің құпиясы көп. Шомылған адам терең жеріне барса да батпайды. Себебі көлдің суы тұзды. Қызылкөл теңіз деңгейінен 335 метр биіктікте орналасқан. Суы қалыпты жылдары ұзындығы 6, ені 2,8 шақырымға дейін жетеді. 2002 жылдан бері ерекше қорғалатын аймақ тізіміне енгізілген.



ПІКІР ЖАЗУ