Қазақмыс басшысы Жезқазғандағы құрылыс басында болып жұмыс қарқынын бағалады

20.08.2026 11:29 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс басшысы Жезқазғандағы құрылыс басында болып жұмыс қарқынын бағалады
51
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазғандағы маңызды әлеуметтік нысандарды аралап, жобалардың құрылысын тексерді. Басты назар жұмыс қарқынына, белгіленген мерзімнің сақталуына және сапаға аударылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаладағы ең ірі жобалардың бірі – С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрын күрделі жөндеу. Құны 5,1 млрд теңгені құрайтын бұл жоба ғимараттың тарихи келбетін сақтап қалуды көздейді. Сонымен қатар мұнда сахналық және инженерлік желілер толығымен жаңартылмақ. Басқарма төрағасы жұмыс кестесінің бұзылмауын қатаң бақылауға алды.

Бұдан бөлек «Жастар» қалалық саябағын қайта жаңғыртуға 4,9 млрд теңге бағытталған. Қазір саябақта ескі нысандарды бұзу аяқталып, аумақты абаттандыруға дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта бұл жерде заманауи субұрқақтар мен балалар ойын алаңдары пайда болады. Сондай-ақ тұрғындар үшін арнайы жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары салынады.

Руслан Өскенәлі қалада салынып жатқан Орталық мешіт пен Кеңгір су қоймасының жағалауын да барлап қайтты. Қазір жағалауды абаттандырудың екінші кезеңі аясында аумақты жоспарлау жүріп жатыр. Бұл жоба толығымен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қаражаты есебінен іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрайды.

Өңір үшін маңызды тағы бір бағыт – «Ұлытау университеті» КЕАҚ инфрақұрылымы. Бұл жоғары оқу орны тау-кен саласына қажетті техникалық мамандарды даярлауға арналған. Университет 2026 жылғы 1 қыркүйекте өз жұмысын бастайды деп жоспарланған. Талапкерлерді алғашқы қабылдау пайдалы қазбаларды өндіру және барлау бағытындағы бакалавриат бағдарламалары бойынша жүргізілмек.

Сапар қорытындысы бойынша Руслан Өскенәлі құрылыс сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды. Ол жауапты бөлімшелер мен мердігер ұйымдарды бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтауға шақырды. Барлық жобалар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екені айтылды.

Қалалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту «Қазақмыс» үшін басты бағыттардың бірі болып қала бермек. Компания өңірдегі қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға тұрақты түрде инвестиция салуды жалғастырады.

Войдите, чтобы оставить комментарий