Көкпар кезінде 13 жастағы бала көз жұмды: марқұмның жақындары істің жабылғанына наразы
Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылында көкпардың жаттығуы кезінде ауыр жарақат алған 13 жастағы Дінмұхаммет есімді жасөспірім көз жұмды. Марқұмның туыстары полицияның қылмыстық істі жауып тастағанын айтып, әділдік талап етуде, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 2026 жылдың 26 мамырында болған. Жақындарының айтуынша, "Жанбөбек" командасының ойыншысы болған жасөспірім "Қаражар" командасына қарсы өткен ойын кезінде ауыр соққы алған. Куәгерлердің мәліметінше, қарсылас топтың Санжар есімді ойыншысы ережені бұзып, жасөспірім мінген атқа көлденеңінен соққы жасаған, салдарынан бала атымен бірге құлап, басынан ауыр жарақат алған.
Марқұмның отбасы сараптама қорытындысында жарақаттың аттан құлау салдарынан емес, қатты, доғал заттың әсерінен болғаны және баланың мойны сынып, жұлыны үзілгені жазылғанын алға тартуда.
Туыстарының сөзіне қарағанда, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғағанымен, 2 айдан кейін оны оқыс оқиға деп танып, тоқтатып тастаған. Қара жамылған отбасы бұл шешіммен келіспей, тергеудің қайта қаралуын және кінәлілердің жауапқа тартылуын сұрап отыр.
Соңғы жаңалықтар