"10 жыл бойы араласпадым": Тұрсынғали Алагөзов бірінші некесінен туған балаларымен қарым-қатынасы жайлы айтты

13.04.2026 15:06 Мөлдір Талғат
299
Фото: instagram.com/tursen_alaguzov

Белгілі кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов “Әке” подкастына берген сұхбатында жеке өміріне қатысты бұрын айтылмаған жайттарды бөлісті. Ол бірінші некеден туған балаларымен қарым-қатынасы ұзақ уақыт үзіліп қалғанын ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Кәсіпкердің сөзінше, ажырасудан кейін балалары әкесіне қатты ренжіп, шамамен 10 жыл бойы араласпаған. Ол бұл жағдайды түсінетінін және эмоцияны іште сақтамай, сыртқа шығару маңызды екенін атап өтті.

“Мен олардың анасын ренжіткенімді түсінемін. Ұлыма “Балам, мен сенің әкеңмін ғой, араласайық” деп жаздым. Ал ол “Сен анамды тастап кеттің, кет” деп жауап беретін. Осындай жағдайлар болды. Бірақ меніңше, ол мұны ішіндегі шерін шығару үшін жазды. Адамға ішіндегісін айтып, эмоциясын сыртқа шығару керек”, – деді ол.

Алагөзов ажырасу процесі өте ауыр өткенін жасырмады. Оның айтуынша, балалар анасының жағында болып, тіпті тегін өзгертуге дейін барған.

“Әрине, ол анасын қорғады. Анасы ел алдында әлдеқайда әлсіз әрі осал жағдайда қалды. Тіпті балалар тегін ауыстырып тастады. Себебі олар бұл есіммен байланысты дүниенің бәрі жұрттың назарында екенін түсінді”, – деді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер балаларымен қарым-қатынасты қайта қалпына келтіруге күш салған. Бұл үшін оған шамамен екі жыл уақыт кеткен.

“Бұл – өмір. Өмір тоқтамайды. Жақын адамдар бір-бірімен араласуы керек. Егер ақыл-парасаты болса, келісудің жолын іздеуге тиіс”, – деді ол.

Сондай-ақ ол қызы тұрмыс құрып, ана атанғаннан кейін көзқарасының өзгергенін атап өтті.

“Қызым тұрмысқа шығып, бала туғаннан кейін қатты өзгерді. Қыз бала өзі ана атанғанда, әкелік дегеннің мәнін басқаша түсінеді екен”, – деді ол.

Кәсіпкердің пікірінше, балалар ажырасуға кінәлі емес. Алайда ол бұрынғы жұбайының балалардың көзқарасына әсер еткенін де жасырмады.

“Әдетте балалар әлсіз жақтың жағында болады. Менің жағдайымда бұрынғы әйелім олардың санасына әкесі жаман деген ой сіңірді. Бұл – үлкен қателік еді”, – деді Тұрсынғали Алагөзов.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий