ҰҚК 60 жастағы шетелдік әйелді іздеуге жариялады
Қазақстанда шетел азаматы Петра Ное іздеуге жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Newtimes.kz-ке сілтемемен.
Оны іздестіру жұмыстарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр. Алайда әйелдің қандай іске қатысы бар екені және не себепті іздеуге берілгені әзірге белгісіз.
Әйелді іздеу туралы мәлімет Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу порталында жарияланған. Ондағы ақпаратқа сәйкес, іздестіру ісі 2026 жылғы 28 қарашада тіркелген.
Ашық деректерде Петра Ноенің 1966 жылғы 7 қыркүйекте туғаны көрсетілген. Қазіргі уақытта оның жасы 60-та. Ол шетел азаматы болғанымен, қай мемлекеттің азаматы екені нақтыланбаған.
Іздестіру бастамашысы ретінде де Ұлттық қауіпсіздік комитеті көрсетілген. Дегенмен жарияланған карточкада әйелдің қандай бап бойынша іздестіріліп жатқаны, оған тағылған күдік және ықтимал жүрген жері туралы ақпарат жоқ.
Бір қызығы, Petra Noé есімі Қазақстанның мұнай-газ секторына қатысты бұрынғы құжаттарда да кездеседі. Атап айтқанда, «Жайықмұнай» компаниясының Қазақстан қор биржасында жарияланған есебінде осындай есімді әйелдің бельгиялық Probel Capital Management N.V. және британдық Nostrum Oil & Gas UK Limited компанияларында басшылық қызметтер атқарғаны жазылған.
Құжаттарда бельгиялық кәсіпкер Фрэнк Монстрейдің де есімі аталады. Ол бұған дейін Қазақстандағы мұнай-газ жобаларына қатысқан. 2026 жылдың мамырында оны да ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі іздеуге жариялаған.
Дегенмен маңызды бір жайт бар: іздеуде жүрген Петра Ное мен KASE құжаттарында аталған адамның бір тұлға екені ресми түрде расталмаған. Сондай-ақ оның іздестірілуі мұнай-газ саласындағы тергеулерге немесе басқа қылмыстық істерге қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Соңғы жаңалықтар