15 жылдан артық сотталмауы керек еді - Бишімбаевтың адвокаты
Атышулы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінде адвокаты болған Назкен Құсайынова сұхбат беріп, қорғауындағы шенеуніктің жаза мерзімі әділетсіз болғанын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Тихий ужас» YouTube арнасына берген сұхбатында адвокат экс-министрге берілуі тиіс жаза мерзімі туралы өз ойын айтты.
«Үкім шығар алдын, судья жаза мерзімін айтқан кезде, аппеляцияға дайындық уақытында және жалпылай алғанда көптеген адвокат, тіпті депутаттар да пікірлерін айтты. Осы іске қызығушылығы жоқ адамдар қасақана өлім болмағанын айтты. Ол жерде максимум дегенде 106-баптың 3-тармағы бойынша қарастырылуы керек екенін айтып жатты. Ал ол бапқа сәйкес, денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда адам өлтіру бойынша көп дегенде 15 жылға бас бостандығынан айыру көзделген.
Бұл істі о баста қолға алғанда Қуандықтың өзіне де, ата-анасына да бұл істе ақталып шығу мүмкін емес екенін айтқанмын. Жаза мерзімі болатынын, кінәсінен адам өлгенін түсінуі керек екенін жеткіздім. Алайда бұл жерде қасақана, нақты мақсатпен адам өлтіру жоспары болмағанын айттым», - деді адвокат.