«Ресей Түркі мемлекеттері ұйымына қосылуы керек»: Тоқаев Анкарада ұсыныс жасады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қазанда Анкарада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде Ресейге «ТМҰ+» форматына қосылуды ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы өз сөзінде ұйымның түркі әлемінің бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталып, оның бірегей құрылым екенін атап өтті.
Президент биыл Бакуде өткен Бірінші түркітанушылар съезіне 100 жыл толғанын еске салды. Оның айтуынша, осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани бірлікті сақтау және нығайту мақсатында күш біріктірген.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі халықтарының ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Осы орайда Ресейге аталған форматқа қосылуды немесе ұйымға бақылаушы мемлекет ретінде қатысуды ұсынды.
«Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң көзқарас танытып, оны осы форматқа қосылуға немесе ТМҰ қызметіне бақылаушы ретінде қатысуға шақыру дұрыс әрі әділ шешім болар еді. Ірі держава саналатын Ресей ғасырлар бойы түркі әлемімен тығыз байланыс орнатып келеді. Бұл елдің аумағында көптеген түркі халықтарының өкілдері тарихи тұрғыдан өмір сүреді», – деді Президент.
Сондай-ақ ол Ресейде жүзеге асырылып жатқан «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» жобасын Қазақстан қолдайтынын жеткізді. Бұған қоса, орыс тіліндегі көптеген сөздің түркі тілдерінен шыққанын атап өтті.
«Егер Ресей түркі елдерінің, яғни біздің ұйымның бір бөлігіне айналса, бұл барлық мемлекетімізге пайда әкелер еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жаңалықтар