«20 балл жинасаң жүргізуші куәлігінен айырыласың»: Қазақстанда жол ережесін бақылаудың жаңа баллдық жүйесі енгізілмек
Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзуды бақылаудың жаңа баллдық жүйесі пилоттық режимде енгізілмек, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлімдеді. Жоба Астана, Алматы және Шымкент қалаларында сынақ ретінде іске қосылады. Жүйенің мақсаты – жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілердің санын азайтып, жол қауіпсіздігін күшейту.
Жаңа тәртіпке сәйкес, әрбір жол ережесін бұзу фактісі бойынша жүргізушіге балл есептеледі және ол тек әкімшілік шешім заңды күшіне енгеннен кейін қосылады. Жиналған баллдар бір жыл мерзім ішінде сақталады. Егер бір жыл ішінде 20 балл жиналса, жүргізушінің көлік басқару құқығы 6 айға тоқтатылады. Құқықты қайта алу үшін жүргізуші жол ережесі бойынша емтихан тапсыруға міндетті болады. Бұл талап көлік жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға да қолданылады, яғни олар 20 балл жинаса, алты ай бойы куәлік алу құқығынан айырылады.
Сонымен қатар, жүйелі түрде ереже бұзатын жүргізушілерге қатысты психологиялық бағалау енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Үкімет электр самокаттарын реттеу, жүргізуші мектептерінің жұмысын күшейту және орташа жылдамдықты бақылау жүйесін кеңейту шараларын да қолға алуда.
Қазіргі уақытта елдегі 10 ірі республикалық жолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұл учаскелерде 407 мыңнан астам жол ережесін бұзу тіркеліп, 6,5 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Алдағы уақытта бұл жүйе басқа да республикалық және өңірлік жолдарға кеңейтілмек.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, жаңа баллдық жүйе мен бақылау шаралары жолдағы тәртіпті күшейтіп, жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған.
Соңғы жаңалықтар