2026 жылға қарай Алматының цифрлық нұсқасы пайда болады

10.11.2025 15:13 Айсұлу Мұрат
2026 жылға қарай Алматының цифрлық нұсқасы пайда болады
0
42
Elements.envato.com Суретте: Алматы

Алматы қаласы алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу арқылы заманауи мегаполистер қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Осы бағыттағы ең ауқымды бастамалардың бірі -қаланың «цифрлық егізін» құру жобасы. Бұл жоба қаланы тек карта түрінде емес, нақты уақытта виртуалды кеңістікте модельдеуге, яғни қалалық процестерді бақылауға, талдауға және басқаруға мүмкіндік беретін интеллектуалды жүйе қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды POLITICO.KZ

«Цифрлық егіз» - бұл тек 3D бейне емес. Ол - қала өмірінің барлық салаларын біріктіретін күрделі ақпараттық экожүйе. Инженерлік желілер мен ғимараттардан бастап, көлік қозғалысы мен ауа сапасына дейінгі деректерді жинақтап, қала билігі мен мамандарға жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мәселен, жүйе арқылы коммуналдық апатты алдын ала болжауға, көлік кептелісін азайтуға немесе табиғи апаттардың салдарын болдырмауға болады.

Бастама тарихы және саяси сабақтастық

Қаланың «цифрлық егізін» әзірлеу идеясы алғаш рет 2021 жылы сол кездегі әкім Бақытжан Сағынтаевтың тұсында жарияланған. Бұл ұсыныс сол кезеңде қаланың «Smart City» стратегиясымен үйлесіп, Алматыны жаңа технологиялық даму сатысына көтеру бағытында маңызды қадам болды. Кейін бұл бастаманы Ерболат Досаев жалғастырып, жобаны қаланың цифрлық трансформациясының негізгі стратегиялық бағыты деп атады. Оның айтуынша, Алматының даму болашағы дәстүрлі инфрақұрылымдық шешімдермен ғана емес, деректер мен жасанды интеллектке негізделген басқару моделімен тікелей байланысты.

Бірнеше рет мерзімі кейінге шегерілгенімен, жоба бойынша жұмыстар тоқтаған жоқ. Қалалық цифрландыру басқармасының мәліметінше, әзірге пилоттық кезеңге арналған техникалық тапсырма дайындалу үстінде, ал жобаны 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Қытаймен ынтымақтастық және қаржыландыру көзі

Пилоттық жоба Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы технологиялық компаниямен бірлесіп іске асырылмақ. Бұл бағытта екі тараптың мамандары бірлесіп жобаның құрылымын, архитектурасын және басым бағыттарын айқындауда.

«Жоба Қытайдың халықаралық ынтымақтастық агенттігі -China International Development Cooperation Agency ұсынған гранттық қаражат есебінен қаржыландырылады», -деп хабарлады Алматы қаласының цифрландыру басқармасы.

Пилоттық кезең сәтті аяқталғаннан кейін, 2026 жылы негізгі жобаны әзірлеуге арналған халықаралық конкурс жарияланбақ.

«Бұл шешім техникалық тапсырма толық пысықталып, жобаның нақты функциялары мен міндеттері айқындалған соң қабылданады. Сондай-ақ бюджет пен іске асыру кестесіне де сараптамалық баға беріледі», -делінген басқарма жауабында.

Жоба кезеңдері және негізгі бағыттары

Цифрлық егіз жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде, яғни 2026 жылы, жүйе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен көлік инфрақұрылымына бағытталады. Келесі жылы -2027 жылдан бастап, жоба қаланың өзге де салаларын, соның ішінде экология, құрылыс, денсаулық сақтау және қауіпсіздік бағыттарын қамтиды.

Жобаның басты талабы -қалалық процестерді нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік беретін интеллектуалды жүйе құру. Ол көлік ағымдарын талдауға, апатты жағдайларды алдын ала болжауға, ресурстарды тиімді бөлуге және шұғыл шешім қабылдауға жағдай жасайды.

«Жобаны толық іске асыру үшін 2026 жылға дейін Алматының барлық инфрақұрылымы мен инженерлік желілері цифрлық форматқа көшірілуі тиіс. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мұндай көлемдегі жобаны толық аяқтау 3–5 жылды қажет етеді», -деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

«Цифрлық егіз» қалай жұмыс істейді?

Алматы қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жанабек бұған дейінгі сұхбатында жобаның үш негізгі деңгейден тұратынын атап өткен:

  1. Инфрақұрылымдық деңгей -инженерлік желілер мен қалалық инфрақұрылым объектілерін қамтиды.
  2. Қала құрылысы деңгейі -аумақтық жоспарлау, ғимараттар мен жол желілерін модельдеу, көлік ағындарын оңтайландыру сияқты процестерге бағытталады.
  3. Табиғи-климаттық деңгей -қала дамуына әсер ететін табиғи факторларды (мысалы, ауа сапасы, су ресурстары, жасыл аймақтар) ескеріп, экологиялық бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді.

Мақсат - ақылды әрі қауіпсіз қала

«Цифрлық егіз» жобасы тек технологиялық шешім ғана емес, Алматының болашақ басқару моделін түбегейлі өзгертетін жүйе. Ол әкімдікке, коммуналдық қызметтерге және төтенше жағдайлар органдарына қалалық жүйелердің барлық элементін нақты уақытта көруге және басқаруға мүмкіндік береді.

Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін өмір сапасын арттыруға, бизнес үшін ашық әрі болжамды орта қалыптастыруға, ал мемлекет үшін деректерге негізделген басқару мәдениетін орнықтыруға жол ашады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий