Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан қыздың қабірін тағы тонап кетті
Қостанай облысында Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан қыздың қабірі тағы да ұрылардың нысанасына айналды. Бұған дейін зираттағы қымбат көшеттерді ұрлап кеткендер бұл жолы бейнебақылау камераларын алып кеткен. Күдіктінің ұсталғаны хабарланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы kstnews.kz басылымы жазды. Редакцияға хабарласқан Ұлтуған Жутаева қызының қабірін ұрылардан қалай қорғайтынын білмей отырғанын айтқан.
Оның қызы 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағында қаза тапқан. Марқұм Тобыл қаласындағы зиратқа жерленген.
Биыл мамырда белгісіз біреулер қыздың қабірінің басына отырғызылған қымбат қылқан жапырақты көшеттерді түбімен қазып алып кеткен. Онымен қоймай, мәрмәр орындықты аралап әкетпек болған. Алайда сол кезде ұрылар табылмаған.
Осыдан кейін отбасы қабір басына бейнебақылау камераларын орнатып, зиратты телефон арқылы бақылап отырған. Бірақ жақында камераның бірі жұмыс істемей қалған.
«Ұрлықтан кейін камералар орнатып, зиратта не болып жатқанын телефоннан бақылап отырдық. Жақында камераның істен шыққаны туралы хабарлама келді. Бірден зиратқа барып, 102-ге қоңырау шалдық. Камераны бағанадан жұлып алып кетіпті. Шамасы, кейін келіп мәрмәрді ұрлау үшін солай істеген болуы мүмкін», – дейді Ұлтуған Жутаева.
Әйелдің айтуынша, арада бір күн өткенде анықтаушы хабарласып, күдіктінің ұсталғанын жеткізген. Ол бұрын сотталған, еш жерде жұмыс істемейтін ер адам болып шыққан.
«Енді не істерімізді білмейміз. Зираттың қоршауы жоқ. Қызымның жатқан жеріне де тыныштық бермеді», – дейді марқұмның анасы.
Қостанай облыстық Полиция департаменті бейнебақылау камераларының ұрлануына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Борттағы 67 адамның 38-і қаза тапты. Олардың алтауы Қазақстан азаматы болатын.
Соңғы жаңалықтар